қазақша · русский · english
   
  Main  News
08.12.2020

«Абай әлемі» жалпыұлттық онлайн-студенттік өнер фестивалі

 

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында әдеби-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, ұлтымыздың мақтанышы, ғұлама ойшыл Хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тікелей басшылығымен «Абай әлемі» жалпыұлттық студенттік өнер фестивалі бастау алды. Фестиваль екі кезеңде өткізілді. Алғашқы іріктеу кезең республикамыздың барлық ЖОО-да ағымдағы жылдың 30-31 қазан күндері аралығында өтті.


2020 жылдың 4-5 желтоқсаны күндері Хәкім Абайдың әдеби мұраларын жастардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Абай әлемі» жалпыұлттық студенттердің өнер фестивалінің қорытынды кезеңі өтті.


Фестивальге республикамыздың 61 жоғары оқу орнынан 257 үміткер қатысып, бақ сынасты. Фестиваль «Абай өлеңдері», «Абайдың қара сөздері», «Абай әндері», «Абай - әлем тілдерінде», «Абай әлемі» сурет өнерінде» байқаулары бойынша жүргізілді.


Фестивальдің ашылу салтанатын университетіміздің ректоры Такир Балықбаев ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.


Дарынды жастардың өнерін бағалау үшін елімізге белгілі қоғам, мәдениет қайраткерлері, атақты абайтанушы ғалымдар мен әдебиетшілер қазылық етті. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Күзенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, «Құрмет» орденінің иегері Болат Әбділманов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Батан Шаттық, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми-қызметкері, профессор Гүлжаһан Орда, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институының бас ғылыми қызметкері Әлімжан Хамраев, Кентуки Университетінің (АҚШ) Визитинг профессоры, PhD докторы Бақыт Алипова, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті Нұралы Адамқұлов, «Қазақ радиосы» Алматы студиясының жетекшісі, ақын-журналист Бақыт Құтпанбаев.


Қорытынды кезеңнің нәтижесі бойынша 36 үміткер озып шығып, жүлделі орындарға ие болды.


5 желтоқсан күні Фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, шара барысында әр номинация жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.


Фестиваль шымылдығы Абай монологымен ашылып, мың бұралған «Дара» би тобының бишілері Хәкім Абайдың әндеріне арнайы би композициясын ұсынды. Одан әрі көрермендер назарына «Абай жылы - Абай университетінде» бейнеролигі ұсынылды. Сонымен қатар, Фестиваль аясында «Абай әлемі» сурет өнерінде байқауы үміткерлерінің үздік туындыларынан сурет көрмесі ұйымдастырылды.


Алты байқаудың қорытындысы бойынша төмендегі студенттер 1 орындарға ие болып, әрбір жеңімпазға 200 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды:
«Абай өлеңдері» байқауы бойынша 1 орын иегері Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің студенті Искаков Ержан;
«Абай қара сөздері» байқауы бойынша 1 орын иегері Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті Кемербаев Данияр
«Абай әлем тілдерінде» байқауы бойынша 1 орын иегері Абай атындағы ҚазҰПУ шетелдік студенттері Онктанго Кристиан, Онктанго Алели
«Абай сурет өнері» байқауы бойынша 1 орын иегері Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Ербол Меруерт
«Абай әндері» байқауы бойынша (арнайы музыкалық білімімен) 1 орын иегері «Шабыт» ҚазҰӨУ студенті Аубакирова Бахытгуль;
«Абай әндері» байқауы бойынша (арнайы музыкалық білімісіз) 1 орын иегері «Тұран» университетінің студенті Бекмұханбет Бірлік.


Одан бөлек әрбір байқау нәтижелері бойынша 2 орын иегерлеріне 100 000 теңге, 3 орын иегерлеріне 75 000 теңге, «Абай жүлдесі» номинациясының иегері 50 000 теңге, Дипломант атағының иегеріне 50 000 теңге, Ынталандыру сыйлығының иегерлеріне 30 000 теңге көлемінгеді сертификаттар табысталды (Қосымша 1).


Айта кететін жайт, биылғы жыл университетіміз үшін ерекше жыл болды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай университетімізде «Абай жылы» жарияланып көптеген ғылыми, білім, тәрбие бағытындағы өткізілген шараларға арқау болды.

 

Жеңімпаздар тізімі


«Абай жылы-Абай университетінде» бейнеролигі

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі департамент