қазақша · русский · english
   
  Main  News
21.12.2020

Такир Балықбаев: Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы 100-ден астам нақты міндеттерді қамтиды


2020 жылы 20 желтоқсанда республикалық және қалалық сайлауалды штаб мүшелері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесуге қалалық штабтың жетекшісі, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, Мәжіліс депутаттығына кандидат Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттар - Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев қатысты.


Партия мүшелері іс-шараға қатысушыларды Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, оны елдің барлық даму бағыттарында жүзеге асырудың барысы туралы баяндады. Білім және ғылым саласындағы жұмыс, оның ішінде адами капиталды дамыту, педагог мәртебесін арттыру және жастар саясатын қолдау, студенттер мен жас педагогтарды қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылармен еліміздің білім саласындағы жетістіктері және олардың халықаралық рейтингтегі көрсеткіштері талқыланды.


Кездесу барысында университеттердің әлемдік деңгейде танылуын мақсатты қаржыландыруды қолдау, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-технологиялық алқапты құру жобасын іске асыру үшін арнайы аймақ бөлу, жоғары оқу орындары арасында гранттарды бөлу, жұмыспен қамту, студенттер мен шетел азаматтарына білім беруде «Қазақстан тарихы» пәнінің оқу бағдарламасы, журналистика кадрларының жетіспеуі туралы сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныс айтылды.

Барлық сұрақтарға нақты жауаптар мен айтылған бағдарламаларды, ұсыныстар мен идеяларды іске асыру бойынша нұсқаулықтар берілді.

Ректор Такир Балықбаев қойылған мәселелерді шешу жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламасында қамтылғанын, оны қарап, бекіткеннен кейін университеттерді одан әрі дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілетінін, ол үшін қосымша қаражат бөлінетінін айтып өтті. Әлемдік рейтингтерде жетекші орын алатын бәсекеге қабілетті университеттер лигасы құрылады.


«Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы 100-ден астам нақты міндеттерді қамтиды. Олар білім беру саласының, жастардың, тұрғын үй мен қалалардың негізгі сұраныстарын қамтиды және қоғамның өзекті мәселелеріне жауаптар ұсынады. Сайлаудағы табыс әрқайсымыздың біліктілігімізге, жауапкершілігімізге тікелей байланысты.


Партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә. Назарбаев барлық кандидаттар сайлау науқанына белсенді атсалысуы керек екенін нақты белгілеп берді. Сондықтан кандидаттардың барлық үгіт-насихат жұмыстары адамдармен адал және ашық диалог алаңында жүргізілуі керек. Біздің үгіт-насихат жұмысымыздың мақсаты - партияның сайлауалды бағдарламасын нақты түсіндіру және оны шешу үшін қоғамдағы мәселелерді анықтау. Осылайша, біз бірге Қазақстанның дамуына үлес қосатын боламыз»- деп атап өтті Такир Балықбаев.

Кездесуге қатысушылар көтерілген барлық мәселелер бойынша пікір алмасты.