қазақша · русский · english
   
  Main / Announcements
23.09.2013

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 6D011300- Биология  мамандығы бойынша философия докторы PhD ғылыми дәрежесін алу үшін Әмірашева Бақыткүл Кеңесқызының «Биолог мамандарын дайындауда экологиялық білім берудің теориялық және әдістемелік негіздері (антропогенді бұзылған биогеоценоздар мысалында)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.

Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалған. Қорғау тілі - қазақша.

Ғылыми кеңесшілер:

Е.Т.Тазабекова - C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті,биология ғылымдарының докторы, профессор;

Джи Кук Шим - Чон-Ан университеті, PhD доктор, профессор (Оңтүстік Корей).

Рецензенттер:

Н.М.Мұхитдинов - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, биология ғылымдарының докторы, профессор;

Г.К.Длимбетова - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Қорғау 2013 жылғы 23 қазанда  сағат 15:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25 (2-қабат, мәжіліс залы), сайт - www.kaznpu.kz

е-mail: aiya_c@mail.ru

 

 

АННОТАЦИЯ

Әмірашева Бақыткүл Кеңесқызы

«Биолог мамандарын дайындауда экологиялық білім берудің теориялық және әдістемелік негіздері (антропогенді бұзылған биогеоценоздар мысалында)»


 

 

Зерттеудiң көкейкестiлiгi. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы  жағдайында адамның табиғатқа жасаған антропогендік қысымы табиғи ортаның өзгеруіне, биосфера мен адам өмірінің сапасына қауіп төндіріп отыр. Қоғам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылық әлемдік экологиялық дағдарысқа алып келуде.  XXI ғасырда Біріккен Ұлттар Ұйымы экологиялық мәселелердің ішінен жерді тиімді пайдалану және қорғау мәселесін ерекше бөліп көрсетеді. Әлемдік кеңістіктің бір бөлігі ретінде Қазақстанды да бұл мәселе алаңдатып отыр. Себебі, егін шаруашылығы дамыған Қазақстанның оңтүстік-шығыс территориясының күрделі рельефті тау бөктері жазықтарының су жапқан жерлері деградацияға және ирригациялық эрозияның дамуына алып келуде. Осы жағдайда  экологиялық білім қоршаған ортаға антропогенді ықпал етудің негативті салдарын жоюдың шарттарының бірі және «адам-қоршаған орта» жүйесіндегі қарым-қатынасты реттеуші ретінде тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыру факторы болып табылады.  

Биолог мамандарды (бакалаврлар және магистрлер) дайындау барысында білім беруді экологияландыру мәселесін қарастырған отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми жұмыстарын талдау  зерттеу объектісі (білімалушылар немесе қоршаған ортаның объектілері)  мен олардың арасында қарама-қайшылықты нақты саралауды іздеп табудың қажеттілігін көрсетеді. Экологиялық немесе биологиялық ғылыми ізденістер адамзаттық іс-әрекет мен оның биосфераға ықпал ету дәрежесі арасындағы өзара байланысты ашып, қоршаған ортаның үйлесімділігіне бағытталған тәжірибелік нәтижелерге ие болады. Сонымен бірге ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстар биология ғылымының заманауи жетістіктерінен тыс тұрмыстық мәдениет пен адамның дүниетанымын қалыптастырады.

Ғылым-техникалық прогрестің өркендеу дәуірі және оның салдары ретінде антропогенді бұзылған ландшафтардың қарқынды дамуында биолог мамандарын дайындау мен бұл мәселенің ғылыми-теориялық тұрғыдан жеткілікті зерттелмеуі, биолог мамандарға экологиялық білім беру үдерісінде қолданылатын оқытудың ғылыми-негізделген құралдарының дидактикалық мүмкіндіктері мен оны тиімді пайдаланудың әдістемелік негіздерінің жеткілікті айқындалмауы арасында қарама-қайшылықтардың бар екені байқалады. Осы қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу мәселесін анықтауға және тақырыпты «Биолог мамандарын дайындауда экологиялық білім берудің теориялық және әдістемелік негіздері (антропогенді бұзылған биогеоценоздар мысалында)» деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеу нысаны - жоғары оқу орнындағы экологиялық білім беру үдерісі.

Зерттеу пәні - биолог мамандарын дайындау жүйесі.

Зерттеу мақсаты - Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағының антропогенді бұзылған биогеоценоздарын бағалау негізінде экологиялық білім беруді теориялық-әдістемелік тұрғыдан негіздеу және биолог мамандарды дайындаудың әдістемесін ұсыну.

Зерттеудің міндеттері:

1. Биолог мамандарын дайындауда экологиялық білім берудің теориялық-әдіснамалық негіздерін ашып көрсету.

2.«Биолог мамандарға экологиялық білім беру» ұғымының мәнін және мазмұнын антропогенді бұзылған биогеоценоздарды бағалау негізінде нақтылау.

3.Биолог мамандарын (антропогенді бұзылған биогеоценоздар мысалында) дайындаудың моделін жасау, өлшемдері мен көрсеткіштерін, деңгейлерін айқындау.

4.Далалық және лабораториялық зерттеулерді өткізу барысында антропогенді бұзылған ландшафтардың биогеоценоздары жағдайын экологиялық бағалау арқылы биолог мамандарын дайындаудың әдістемесін жасау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:    

- «Биолог мамандарға экологиялық білім беру» ұғымының мәні және мазмұны антропогенді бұзылған биогеоценоздарды бағалау негізінде нақтыланды.

- Биолог мамандарын (антропогенді бұзылған биогеоценоздар мысалында) дайындаудың моделі жасалынып, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері айқындалды.

- Далалық және лабораториялық зерттеулерді өткізу барысында антропогенді бұзылған ландшафтардың биогеоценоздар жағдайын экологиялық бағалау арқылы биолог мамандарды дайындаудың әдістемесі (арнайы курс бағдарламасы және ғылыми-практикалық нұсқау) жасалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: Биолог мамандарын практикалық дайындау мақсатында «Қазақстанның оңтүстік - шығыс тау етегінің антропогенді бұзылған ландшафтар биогеоценозын бағалау» арнайы курс бағдарламасы және «Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның антропогенді бұзылған ландшафтар биогеоценоздарын қалпына келтірудің биологиялық негіздері» ғылыми-практикалық нұсқау дайындалды.

Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орнында биолог мамандарды дайындауда, білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институты мен жалпы орта білім беретін мектептің биология пәнін оқыту үдерісінде пайдалануға болады.