Ректордың Түркияның Қазақстандағы Бас консулымен кездесуі
2021 жылғы 21 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов Қазақстандағы Түркия Республикасының Бас консулы Али Рыза Ақынджымен кездесті.
Кездесуге Қазақстандағы Түркия Республикасы Бас консулдығының білім беру жөніндегі атташесі Махмут Агырман және Абай университетінің стратегия, цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева қатысты.
Кездесу барысында Али Рыза Ақынджы ректорды тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-мен түрік университеттерінің бірлескен жұмысын жалғастыруда Түркия Республикасының Бас консулдығынан толық қолдау көрсететіндігін атап өтті. Дархан Біләлов өз кезегінде түрік университеттерімен ынтымақтастығы жайында, қай бағытта бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы қысқаша ақпарат берді.
Кездесу соңында Али Рыза Ақынджы Абай атындағы ҚазҰПУ қызметкерлері мен студенттерін Алматы қаласында өтетін түрік фильмдер фестиваліне шақырды. Тараптар алдағы жемісті жұмыстардың жүзеге асатынына сенім білдірді.