қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.11.2021

10 облыстан келген мамандар біліктілік курсынан өтті

 


 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Біліктілікті арттыру және қашықтықтан білім беру орталығы мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдардың басшылары, тәрбиешілері мен әдіскерлеріне «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектепке дейінгі ұйымдардың инновациялық қызметін басқару» тақырыбында 80 сағаттық біліктілікті арттыру курстарын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

 

Курсқа 10 облыстан 442 тыңдаушы қатысты. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының 34 меңгерушісі, 49 әдіскер, 305 тәрбиеші, 34 пән мұғалімдері бар.

 

Аталған курстарды өткізу бастамасы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың даму стратегиясы аясында Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жаңарту және қайта форматтау үрдісінен туындады. Курс бағдарламасы Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жаңа кәсіби міндеттерді шешу үшін қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды алуға бағытталған.

 

Курс тыңдаушыларының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту бойынша жаңа нормативтік құжаттармен, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттермен танысуға, 4К моделін дамыту бойынша білім беру процесінің теориялық аспектілерін түсінуде қолдау алуға, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты жаңа талаптарына сәйкес педагогикалық қызметті іске асыру бойынша құзыреттіліктерді жетілдіруге, т.б. тақырыптарды түсінуге мүмкіндік алды.

 

Курс жұмысына мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі үшін ең қолайлы заманауи педагогикалық технологиялар бойынша материалдар дайындаған Абай атындағы ҚазҰПУ педагогика ғылымдарының магистрлері Сағыныш Ошакпаева мен Сауле Еркебаева және Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі аудандық білім бөлімі «Ақсай қ. №1 бөбекжайы» әдіскері Самал Нұгманова - «Балабақша мен отбасының өзара әрекеттесуінің инновациялық формалары біріңғай білім беру кеңістігін құру шарты» тақырыбында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында ата-анамен байланыс бағытында жұмыстарды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.

 

Курс қорытындысы бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академиялық істер жөніндегі проректоры Мақтағали Бектемесов және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбековтың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Бұл іс-шараның қонақтары Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының мектепалды даярлық және бастауыш білім беру зертханасының меңгерушісі Бижан Игенбаева, орта білім беру институтының директоры Алия Чокушева, Қазақстан Республиксы Білім және ғылым министрлігі, Республикалық ерте жастағы балаларды дамыту институтының бөлім меңгерушісі Мария Ерманова қатысты.

 

Жоғары оқу орынының басшылары тыңдаушыларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен жұмыс бағыттары туралы хабардар етіп, әдістемелік қолдаудың ұзақ мерзімді маңыздылығын түсіндірді.

 

25.11.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz