Main
News
11.02.2022 Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Дариға жүрек шөлдегенде...» поэзия кеші
2022 жылдың 9 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру инcтитутының Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына қарасты «6В01701-қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 203-топ эдвайзері, профессор Ж.Қ.Балтабаеваның жетекшілігімен ZOOM платформасында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Дариға жүрек шөлдегенде...» поэзия кеші өтті.
Кештің мақсаты - қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, ақын поэзиясының өміршеңдігінің құпиясын, азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұраты санаған ақынның асыл жырларының ерекшеліктерін таныстыру.
Поэзия кешіне Институт директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, доцент Е.С.Қасенов, 2 курс, 6-топтың эдвайзері, доцент М.Әлібаева қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Кештің модераторы және жауапты ұйымдастырушысы топ студенті Сайауышұлы Абдулазиз болды.
Кештің бірінші бөлімінде мақсаты түсіндіріліп, ақынның «Несіне сені аңсаймын, бала шағым?», «Менің анкетам», «Майгүлге» атты өлеңдерін топ студенттері - Ж.Рахат, М. Айназарова, А.Малик, А.Қуанышқызы нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды.
Кештің екінші бөлімі «Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар...» деп аталып, ақынның шығармашылығы жайлы қызықты деректер айтылып, Д. Мұратбеков пен Н. Тұрсыновтың оқыған «Қара өлең», «Ақыл айтам» өлеңдерін студенттер қызыға тыңдады.
Поэзия кешінің -«Жетпейтіні жүректің әні болар» деген 3-бөлімінде М.Мақатаев сөзіне жазылған әндер орындалып, әндердің шығу тарихы жайында мәліметтер берілді. Сондай-ақ кешке қатысқан 6,7- топтардың студенттері де ән шырқады, ақын поэзиясы туралы ойларын ортаға салды. Әсіресе 206-топ студенті Серікбол Әйгерім ақын сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін нақышына келтіре орындады. Кеш соңында М.Мақатаевтың таспаға жазылып алынған өз даусы тыңдалды. Сонымен қатар ақынның өмірі туралы бейне деректер көрсетілді. М. Мақатаевтың мерейтойына арналған поэзия кеші жоғары деңгейде өтті. Ақынның ой айтудағы өткірлігі, батылдығы жастарға өнеге, тәлім берері сөзсіз.
|