Main /
Mass media about us
24.02.2022 Инновациялық даму жаңа биіктерге жетелейді
Биыл жаңаша өркендеу реформасын жүзеге асыруды алға қойған еліміздің білім беру жүйесінде де нақты стратегиялық жоспарлар мен міндеттер айқындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын іске асыру бағытында Білім және ғылым министрлігі тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда.
Ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық жас ғалымдардың санының артуына және ғылыми ізденістерде дарынды жастардың зияткерлік әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Оның дәлелі, биыл еліміздің 500 ғалымы әлемнің ең үздік ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Солардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен 14 ғалымның болуы - профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетінің жоғары екендігіне дәлел бола алады. Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан білім мен ғылымға деген қолдаудың ерекше екенін көрсетеді.
Жоғары білікті кадрлар даярлаудағы соны серпіліс - ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының интеграциясын тиімді ету жолында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен қабылданған бірқатар маңызды шаралар дер едік. Ұсынылған шаралардың басты артықшылығы - ҒЗИ мен университеттердің кадрлық, материалды-техникалық, зияткерлік әлеуетін сапалы маман даярлауда барынша бірлесіп пайдалануға жағдай жасауы. Мұндай интеграция жоғары оқу орны жүйесінің студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың мүмкіндіктерін ғылыми салада іске асыруына ықпал ету, ғылыми-зерттеу институттарымен бірге білім беру бағдарламаларын әзірлеу, диссертациялық кеңес жұмысын бірлесе жүргізуге қол жеткізеді. Университеттің Филология және көптілді білім беру институты осы ретте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен интеграциялық ынтымақтастық жасау жолында жан-жақты жұмыс атқаруда.
Абай университетінің коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанына өтуі академиялық еркіндік алуға мүмкіндік берді. Өткен жылдың аяғында Абай университетінің 2022-2025 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясы таныстырылып, келешектегі міндеттер мен даму басымдықтары: академиялық артықшылық, педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялану, оқыту әдістемесі, оқыту технологияларындағы инновация, «үйдегі интернационалдандыру», мектептермен ынтымақтастық орнату, оқытудың цифрлы экожүйесін құру, жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіби дайындауға қатысуын қамтамасыз ету және тағы басқа салалардағы перспективалық құзыреттіліктер айқындалды.
Осыған сәйкес институтта білім беру бағдарламаларын дайындауда жұмыс берушілердің талаптары есепке алынып, практикаға бағдарланған мамандарды дайындау жолға қойылды. Айталық, қазіргі таңда дуалды оқытудың талаптарына сәйкес 4-курс студенттері кәсіби біліктілігін шыңдау үшін мектептерде 1 жыл бойы тәжірибеден өтеді. Осылайша, білім алушылар оқудан қол үзбей, яғни университетте аптасына екі күн оқып, қалған күндерін мектепте өткізіп, болашақта сапалы және табысты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті құзыреттерге ие бола алады. Сонымен бірге жекелеген пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтарды ғылыми-зерттеу институттарында, тіл үйрету орталықтарында өткізу қолға алынбақ, бұл кейін түлектердің осы мекемелерде жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Қазір институт бакалавриаттың 15, магистратураның 13 және докторантураның 10 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Институт әлемнің 20-дан аса елінің жетекші университеттері және ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатқан, 2012 жылдан бері «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қос диплом беру бағдарламасын Польшаның Слупск қаласындағы Поморск академиясымен бірге сәтті жүзеге асырып келеді. Стратегиялық даму жоспарына сәйкес алдағы уақытта институттың басқа да білім беру бағдарламалары бойынша Аустрия, Болгария, Ресей, Эстония, Түркияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беруді жүзеге асыру міндеті қойылды.
Студенттердің әлеуметтік, азаматтық белсенділігін дамыту - күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Былтыр білім алушылардың ғылыми-шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында институттағы жастар орталықтары мен клубтарының жұмысы өзектендірілді. Нәтижесінде, студентке шоғырландырылған оқыту мен тәрбие негізінде ең алдымен, қазіргі студент жастардың қызығушылығы мен талап-тілектері ескеріліп, «Күлтегін» студенттік шығармашылық бірлестігі құрылды. Оның құрамына енген «Үркер» студенттер театры, Аbaimusic клубы, QALAMGER жас журналистер клубы, ABAImedia орталығы, «Абадан» спорт клубы, «Айдай» би клубын дарынды студент жастардың өздері басқарып, жұмыс істеуде. Министрлік тарапынан алдағы уақытта студенттердің оқу саласындағы жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге интеграцияланған әлеуметтік GPA балы, яғни қоғамдық және волонтерлік жұмыстарға қатысу деңгейін есепке алу жүйесін енгізудің тетіктері қарастырылып жатқаны қуантып отыр. Себебі терең білімі, жоғары кәсіби біліктілігімен қоса, жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды бойына сіңірген, азаматтық ұстанымы жоғары, белсенді маманның қоғамға, елдің дамуы мен өркендеуіне тигізер пайдасы көбірек екенін жақсы түсінеміз.
Қорыта айтқанда, жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін беруде. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеуетті жұмылдыру - сапалы кадрлар даярлаудың негізі болатыны анық.
Авторы: Алуа Таңжарықова, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы 24.02.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|