Main /
Mass media about us
04.03.2022 Тьюторларды даярлау инклюзивті білім беруде маңызды
Бүгінде елімізде тьюторлардың көмегіне мұқтаж балалар саны көбеюде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесіп, инклюзивті білім беру кадрларын, педагог-ассистент ретінде тьюторларды даярлаудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Осы орайда белгілі бір білім беру бағдарламалары бойынша мамандануға мүмкіндік беретін қосымша курстар өткізу, тьюторларды кәсіби қайта даярлау бағдарламасын іске асыру және олардың жұмысын әдістемелік сүйемелдеу мәселелері де маңызды.
Абай университетінің Алматы қаласы мен еліміздің білім саласының нақты мәселелерін шешуге бағытталған белсенді университет ретіндегі міндеттеріне тоқталған ректор мектептермен тығыз жұмыс жасау, қазіргі таңда сұранысқа ие кадрларды қайта даярлау, сондай-ақ жұмыс берушілермен және «Өрлеу» орталығымен өзара байланыс орнату, студенттердің практикасын өткізу мәселелері жайында айтып өтті.
Университет ректоры сонымен бірге білім алуға тең құқықты және оның мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолжетімділігін, оларды оқытудың қолайлы бағытын таңдауды қамтамасыз ететін инклюзивті білім беруді дамыту үшін ынтымақтастыққа дайындығы мен психологиялық тестілеу құралдарын қолдану қажеттігіне де тоқталды.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда тьюторлардың көмегіне мұқтаж балалар саны артып келеді. Біз бұған дайын болуымыз керек. Әрбір бала физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім алып, біздің қамқорлығымызды алуы керек», деді Д.Біләлов.
«Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының президенті Салтанат Мурзалинова-Яковлева орталықтың қызметі мен педагог-тьюторларды қайта даярлау қажеттілігіне тоқталып, білікті кадрлар тапшылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай мамандарға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді.
Кездесуге қатысушылар осы маңызды саладағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасты.
04.03.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |