қазақша · русский · english
   
  Main  News
21.03.2022

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерімен кездесті

 

2022 жылғы 20 наурызда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерімен кездесті. Оған университет ректоры Дархан Біләлов және педагогикалық мамандықтардың 1-3 курстарының 70-ке жуық студенті қатысты.

 

Іс-шара баяндамасыз, формализмсіз, еркін пікірталас форматында өтті. Министр білім беру және болашақ мұғалімдерді даярлау саласындағы өзгерістер туралы айтып, соңғы жылдары жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтар бойынша түскісі келетін мектеп түлектеріне қойылатын талаптардың күшейтілгеніне тоқталды. Педагогикалық мамандықтарға үздік талапкерлерді тарту мақсатында ҰБТ-ның шекті балы 50-ден 75-ке дейін көтеріліп, болашақ ұстаздар үшін стипендиялар мөлшері ұлғайтылды.

 

Сондай-ақ, А.Аймағамбетов педагогикалық мамандықтар студенттеріне арналған міндетті Ұлттық біліктілік тестілеуге қатысты түсініктеме беріп, болашақ педагогтарды кәсіби сертификаттауды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Министр педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектерін сертификаттаудан өту қажеттігін, яғни жас маман жұмысқа Ұлттық біліктілік тестін тапсырғаннан кейін ғана қабылдана алатынын атап өтті. Бұл жаңашылдық кадрлардың сапасын арттыруға бағытталған: біліктілік тесті түлектердің оқу пәні мен әдістемесі бойынша білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

 

Министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шаралар студенттерді диплом алуға емес, сапалы білім алуға ынталандыруға бағытталады. Педагогикалық жоғары оқу орындары үшін білім сапасымен қатар олардың түлектерінің біліктілік деңгейіне және жұмысқа орналасуына жауапкершілік артады.

 

А.Аймағамбетов балаларды оқытуға білімі мен қабілеті жетпейтін түлектер білім беру ұйымына жұмысқа қабылданбайтынын баса айтты. Бұл нәтиже педагогикалық жоғары оқу орындарының лицензиясынан айыруға әсер етеді. Бұл жерде түлектердің саны емес, мамандардың сапасы маңызды. Оның айтуынша, мектептерге үздік түлектерді жібере отырып, жалпы білім беру сапасын арттыруға болады.

 

Сондай-ақ, министр мұғалімдердің санаттарын көтерудегі өзгерістер, оларды мектептерге жұмысқа қабылдау қағидалары туралы егжей-тегжейлі айтып, бұл процесс ашық болуы тиіс екенін атап өтті.

 

«Қазір саланы дамыту бойынша үлкен кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қолдауының арқасында біз Педагог мәртебесі туралы Заң қабылдадық, онда біздің сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, негізгі қызметке байланысы жоқ жұмыс уақыты мен жүктемелерді азайту жөніндегі шаралар кешені қарастырылады», - деді министр.

 

Кездесу барысында студенттер өздерін еркін ұстап, қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға нақты жауаптар алды. Болашақ мұғалімдермен әңгімелесу соңында министр жаңа Қазақстанды құрудағы педагогтардың рөлі өте жоғары екенін, сондықтан педагогикалық университеттерге білім сапасын арттыру қажеттігін, ал студенттерге студенттік өмірде белсенділік танытып, сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін атап өтті.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

 

Қоғаммен байланыс департаменті