Рухани жаңғыру аясында
көрнекті ғалымға көрсетілген құрмет
Құдайберген Жұбанов - ХХ ғасырдың басында қазақ топырағында ұлтты тану мен ұлтты танытудың үлгісін жасаған, ғасыр жүгін арқалаған тұғырлы тұлға. Отыздан асар-аспас жасында өзінің дарын қуатын, елжандылық қасиетін ғажайып білімдарлығымен, таным тереңдігімен, ойының беріктігімен дәлелдеген ғалым-қайраткер.
Құдайберген Жұбанов - еліміздің тұңғыш білім ордасы Абай атындағы ҚазПИ-дің Қазақ тілі кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, бірінші профессоры. Ғалым 1934 жылдың қыркүйегінен бастап ҚазПИ-де тек кафедра меңгерушісі ғана емес, декан міндетін де бірге атқарған.
Ол Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Академиялық орталықтың оқыту-әдістемелік кеңесінің жетекшісі әрі сондағы оқулықтар мен бағдарламалар секторының меңгерушісі, республикадағы мемлекеттік терминкомның тұңғыш төрағасы, КСРО Ғылым академиясының президиум мүшесі және Тіл-әдебиет секторының жетекшісі қызметтерін атқарған.
Оның зерттеулері - халқымыздың рухани кеңістігіне қосылған мол қазына. Құдайберген Қуанұлы - ұлттың қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін ғылыми және мәдени салалардың аясындаа түрлі зерттеулер жүргізіп, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің келешектегі өрісін ерте таныған, соған орай бірнеше бағытта келелі мәселелерді терең қарастырған, табиғатынан дарынды жаратылған, жаңашылдыққа бейім ойшыл тұлға болды. Ғалымның еңбектері қазақ тілі мен әдебиетінен бөлек өнер, музыка, мәдениет, әлеуметтік мәселелер сияқты көптеген салаларды қамтиды. Тілшінің тіл білімінің фонетика, лексикология, грамматика, морфология, әліпби, емле сияқты лигвистикалық мұрасы ұлт үшін айрықша маңызды. Ғалым бұл мәселелердің түбірлі арналарын қарастыру барысында аталмыш проблемаларға қатысты кемелді ой айтумен қатар, жаңа ғылыми бағыттардың негізін қалады. Сондықтан жыл өткен сайын ғалым мұрасының жаңа қырлары ашылып, тың зерттеулерге жол салып келеді.
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология және көптілді білім беру институтында Құдайберген Жұбанов атындағы дәрісхананың ашылуы зерделі ғалымға деген үлкен құрметтің белгісі болды десек асыра айтқандығымыз емес. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» концепциясы мен «Алаш орда» үкіметінің 100 жылдығы аясында өткізілді. Өйткені Құдайберген Қуанұлы Жұбанов өз заманында қазақ халқының рухани санасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосса, Алаш үкіметін орнатуда да оның өзіндік орны болғаны анық.
Заманауи талаптарға сай мазмұнды да көркем безендірілген дәрісхананың лентасы қиылған соң салтанатқа жиналған көпшілік ішке енді. Филология және көптілді білім беру институтының директоры, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы бүгінгі іс-шараның мән-мағынасы туралы айта келіп, алғашқы сөзді университеттің Бірінші проректоры, профессор Мүбарак Ермағанбетовқа берді. М.Ермағанбетов ғұлама ғалым Қ.Қ.Жұбановтың өмірі мен қызмет жолына, зерттеушілік жұмысына жан-жақты тоқталды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Задаұлы Қажыбек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығына тұлғалы ғалымды құрметтеп, осындай іс-шара өткізіп отырғаны үшін алғыс айтты. Қ.Жұбановтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталды.
Жас ақын Саят Қамшыгер Қ.Жұбановқа арналған өлеңін оқыды.
Қазақ тілі кафедрасының бүгінгі меңгерушісі профессор Жанат Дәулетбекова Қазақ тілі кафедрасы 1930 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, оны 1934 жылдан бастап Құдайберген Жұбанов басқарғанын, оның сіңірген еңбектерін. қазір осы кафедраға қарайтын дәрісхананы Қ.Жұбановқа арнап қалай жабдықтағандарын айтып берді.
Жалпы, бұл жиында сөйлеушілер өте көп болды. Бәрі де Жұбанов атындағы дәрісхананың ашылуына разылықтарын білдіріп жатты.
Салтанатты жиынға көрнкеті ғалымдар, Қ.Жұбановтың бауырлары қатысты.
Бұдан кейін әңгіме арнасы дөңгелек үстел басында өткен «Рухани жаңғыру: профессор Қ.Жұбанов мұрасын зерделеудің заманауи бағыттары» тақырыбындағы әңгімеге ұласты.
Ш.Құттыбаев,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз орталығының қызметкері