қазақша · русский · english
   
  Main  News
03.07.2017

 

СӘТ САПАР, ЖАС МАМАН!

 

       Ағымдағы жылғы мамыражай маусымның соңғы жұлдызында қара шаңырақта Тәрбие басқарманың ұйымдастыруымен түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараның басты қатысушылары - Педагогика және психология институты мен Өнер, мәдениет және спорт институтының түлектері. Жалпы шараға 381 түлек қатысып, соның 53 түлегіне «Үздік диплом» табысталды.

         Шараны университеттің бірінші проректоры Мүбәрак Ермағамбетұлы ашып, университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаевтың түлектерге арнаған құттықтауын жеткізіп, бітірушілерге салтанатты түрде дипломдарын табыстады.

        Сонымен қатар ғылыми ізденістерінде үлкен нәтижелер көрсетіп, жетістікке жеткен Педагогика және психология институтының бірқатар жас мамандары ҚР Білім және ғылым министрінің арнайы «Дипломдары» мен «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

             Салтанатты шара білім ордамыздан әр жылдары түлеп ұшып, қазіргі таңда биік белестерді бағындырып жүрген түлектердің әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты. Солардың қатарында қазақ эстрадасында  өзіндік орны бар «Қоңыр» этно-аспаптық тобы, университетіміздің 2012 -2013 оқу жылғы түлегі, «Жігіттер» квартетінің мүшесі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы  Бағлан Абдраимов және хореография мамандығы бойынша университет түлегі Айгерім Мақсұтованың жетекшілігіндегі «Керім-ай» би тобы,  биылғы жылдың түлектері, оқу ордамыздың жас жұлдыздары Еламанова Бағдат пен Бөлеген Айкүміс барша қонақтар мен түлектерге мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлады.

           Кештің арнайы қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Бақыт Шадаева түлектерге өзінің жүрекжарды ақ тілегін жеткізіп,  әсем әннен шашу шашты.

           Одан әрі диплом табыстау рәсімін университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры А. Құлсариева, Педагогика және психология институтының директоры Б. Әлмұхамбетов, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Н. Исабек  жалғастырып, түлектерге ақ тілектерін білдірді.

           Университет түлектері атынан Өнер, мәдениет және спорт институтының түлегі, Су добы бойынша спорт шебері, Азия чемпионатының чемпионы, Су добы ойындары бойынша Ұлттық құрама ойыншысы  Рахманова Элина  және университет белсендісі, Педагогика және психология институтының түлегі Айтбаев Мейрамбек университет ұжымына деген жүрекжарды тілектерін айтып, ізгі лебіздерін білдірді.

         Диплом тапсыру салтанатты кеші «Еркес» дуэтінің орындауында итальян  тілінен  аударғанда «ізгі тілек» деген мағынаны білдіретін атақты «Феличита» әнімен,  «Нәзік» би тобының  «Шашу» биімен және «Дарын» тобынының қызығы мен шыжығы мол студенттік өмірмен қимай қоштасқан «Студенттік өмір» әнімен өз мәресіне жетті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар

және жастар саясаты жөніндегі басқармасы