Main
News
30.09.2013
«Академик Садықов оқулары» табысты өтті Үстіміздегі жылдың 26-28 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті қоғам қайраткері, республикамыздағы білім және ғылым жүйесін ұйымдастырушылардың бірі, 1987-2008 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры қызметін атқарған Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың туғанына 75 жыл толуына арналған «Садықов оқулары: білім кеңістігіне инновациялық технологияларды енгізу мәселелері және оның жолдары » атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.З.Нығматуллин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Н.Келімбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары М.Қ.Орынханов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Ж.Жұрынов, ҚР-ның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Ә.Е.Өтегенова, Канададан (Монреаль) келген «Шексіз оқыту» заманауи педагогикалық орталығының профессоры Г.А.Рудик, ҚР ҰҒА академиктері А.Қ.Қошанов, К.М.Байпақов, республикамыздың және шетелдердің тағы да басқа белгілі ғалымдары қатысты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Ж.Пірәлиевтің баяндамасында және конференцияға қатысушылардың баяндамалары мен сөздерінде академик Т.С.Садықовтың елімізе сіңірген еңбегі, ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік, азаматтық бейнесі, соңында қалдырған мол ғылыми-зерттеу еңбектері жан-жақты сараланып, терең зерделенумен қатар бұл еңбектердің білім кеңістігіне инновациялық технологияларды енгізудегі рөлі жан-жақты ашып көрсетілді. Пленарлық мәжілістен кейін конференция 4 секция бойынша жұмыс істеді. Олар: 1. «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды дамытудың концептуалдық негіздері»; 2. «Жоғары білім беру сапасы мәселелерін оқып-үйрену: процедуралары, көрсеткіштері, критерийлері»; 3. «Білім берудегі ақпараттық-коммуникативтік технология»; 4. «Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттерде білім жүйесін интеграциялау перспекивалары» секциялары. Конференцияға қатысушылар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымының академик Тоқмұхамед Садықов сынды асыл азаматтың, қазақ халқының біртуар ұлының рухын құрметтеп, есімін ел есінде қалдыру мақсатында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарып жатқанына зор ризашылықтарын білдірді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың баспасөз орталығы
|