Main
News
09.02.2018 КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАМТЫҒАН ЖИЫН
2018 жылдың 7 ақпаны күні университет ректоры, профессор Такир Балықбаев профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында ректор 2017-2018 оқу жылының бірінші жарты жылдығында атқарылған шаралар бойынша ақпарат беріп, 90 жылдық аясында жоспарланған шаралар тізбегімен таныстырып өтті. Ол өз сөзінде, «Құрметті әріптестер! Баршаңызға мәлім биыл біздің қара шаңырағымызға - 90 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар университетіміз бүгінгі күнге дейін 200 мыңнан астам түлек ұшырып, 3 мыңнан астам ғылыми кадрлар даярлады. Тоқсан жылдық мерейтой аясында университетімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Студенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «бір терезе» қағидасын іске асыруға бағытталған «Шапағат» орталығы ашылды, сондай-ақ, №1 оқу ғимаратындағы асхана күрделі жөндеуден өтті, ал №5 оқу ғимаратындағы акт залына күрделі жөндеу жүргізілуде. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж 517 білім алушының оқу ақысына 10-50 пайыз аралығында жеңілдіктер көрсетілді. Білім сапасын арттыру, жемқорлыққа жол бермеу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұңғыш рет «Академиялық адалдық» кодексі қабылданды. Білім алушылардың қысқы демалысы уақытында профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатында 8-18 қаңтар күндері аралығында алғашқы рет «Кәсібилік және педагогикалық шеберлік» қысқы мектебі ұйымдастырылды. Осы жылдың басынан біз «Univer» оқу жүйесін енгізуді қолға алдық. Университетіміздің 90 жылдығын атап өту бойынша арнайы шаралар кешені әзірленіп, соған сәйкес 70-тен астам іргелі шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз» - деп ойын түйіндеді.
Одан әрі университет оқытушылары мен қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылып, оларға басшылық тарапынан нақты әрі тұшымды жауаптар берілді.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент
|