қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
01.03.2018

Жас ақындар сайысы өтті


Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған республикамыздағы байырғы жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университеті еліміздегі педагоги­ка­лық оқу орындарының көшбас­шы­сы болған­дық­тан, жас ақындарға қолдау көрсету, олардың суырып­салмалық қабілетін ашу, айтыс өнерін наси­хаттау мақсатымен 2014 жылдан бері жас ақын­дардың республикалық айтысын өткізіп келеді.

 

2014 және 2016 жылдары универси­те­тімізде өткізілген республикалық жас ақындар айтысында көптеген жас таланттар анықталған еді, бүгінде олар белгілі айтыс ақындары қатарына қосылып отыр. Университеттің 90 жылдық мерейтойы аясында 2018 жылдың 16-17 ақпаны күндері осы дәстүр одан әрі жал­ғасын тауып, республикамыздың жоғары оқу орындары жас ақындары ара­сында «Менің пірім - Сүйінбай» тақы­рыбында республикалық айтыс өтті.


Студент-ақындар айтысына республика­мыз­дың әр аймағындағы 28 жоғары оқу орнынан келген 54 білім алушы қатысып, өзара бақ ­сынасты. Екі күнге созылған бұл дүл­дүлдер бәйгесінің іріктеуінен ақтық кезеңге 16 ақын жолдама алды. Дүбірлі доданың ақтық сайысы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті. Айтыстың шымылдығын университет ректоры Такир Балықбаев ашып, қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы­ның бастауы ретінде ұйымдастырылып отырған жас ақындар айтысы төл өнерімізді жаңғыртудың жарқын жолы, екендігін тілге тиек ете келе, жиналған қауымды айтыскерлерге қолдау көрсетуге шақырды.


Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы, Сүйінбай мен Жамбыл мұраларын зерттеуші Нағашыбек Қапалбекұлы қазақ­тың айтыс өнері туралы мазмұнды баяндама жасады.


Табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-мар­жанын ұтымды жеткізе білген ақындар өнерін Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықара­лық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман төрағалық ететкен қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының қатарында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры, филология ғылымының докторы Темірхан Тебегенов, журналист, а­йтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы, Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының оқытушысы, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров болды. Айтыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айбар Рағатов иеленіп, 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен, ІІ орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Жеңісхан Қазыбек жеңіп алып, 150 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды. І орынға тағайындалған 200 000 теңге көлеміндегі сыйақыға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Оспанов ­Бекарыс ие болды.


Ал аламан айтыстың бас бәйгесін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің студенті Қайырхан Жұбаниязов жеңіп алып, оған 500 000 теңгелік сыйақы тапсырылды. Сонымен қатар айтысқа қатысқан 54 ақынның арасынан суырылып шығып, үздік өнер көрсеткен 12 айтыскер ақын Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мәлік Ғабдуллин, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхаммедов, Тоқмұхаммед Садықов, Немат Келімбетов, Оразалы Досбосынов атындағы арнайы сыйлықтармен марапаталды.

 

 Авторы: Жанатбек Ішпекбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, профессор

01.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz