қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
14.03.2018

БАС НЕЙРОХИРУРГПЕН КЕЗДЕСТІ

 



Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанында бірнеше жылдан бері Мәлік Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы жұмыс істеп келеді.

 

Жуырда осы орталықтың ұйымдас­тыруымен қазақтан шыққан аса дарынды нейрохирург-дәрігер, көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, про­фессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовпен кездесу өтті.


Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев жиналған қауымға алдымен Серік Қуандықұлының қызмет жолы мен ел алдындағы еңбегі ту­ралы қысқаша мәлімет берді.


Серік Қуандықұлының негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары бас миы ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек-ми жарақаттарын емдеу мәселелеріне арнал­ған. Ол нейрохирургиялық ауруларға қа­тыс­ты барлық хирургиялық әдістерді өз іс-тәжірибесінде қолдана отырып, мидың ең күрделі саналатын базальдік бөлімдеріне, ми бағанасына, қарынша жүйесіне, ми тамырларына хирургиялық операция жа­сайды. 8 патент пен авторлық куәліктің иегері, 150-ден астам ғылыми еңбегі және 6 монографиясы жарық көрген. Ақшо­ла­қовтың жетекшелігімен көптеген доктор­лық және кандидаттық диссертациялар қорғалып, клиникалық ординаторлар даярланды.


2013 жылы Мемлекеттік сыйлық иегері болды. Нейрохирургиялық ауруларды ем­деу саласы бойынша көптеген ғылыми жоба­ның авторы. Әлемнің ондаған мем­лекетінде нейрохирургия мәселелері бойынша ғылыми баяндамалар жасап, Қазақстан нейрохирургия ғылымын дү­ниежүзіне танытқан Серік Қуандықұлы­-ның еңбегі мен атақ-абыройы Қазақ елі үшін зор мақтаныш.


Серік Ақшолақовтың 2016 жылы Пре­зидент Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, «Алтын Жұлдыз» ме­далімен және «Отан» орденімен мара­патталуы оның бүкіл еңбегінің қоры­тын­дысы деуге болады.


«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінтуге жарар ол» деп хакім Абай айтқандай, әлем таныған, бүкіл қазақ елі мақтаныш еткен осындай абзал азаматымыздың ерен еңбегі мен тұлғасы бүгінгі жастарға өнеге болары сөзсіз» деді ректор Т.Балықбаев.


Кездесуде көрнекті нейрохирург өзі не­гізін қалаған және бүгінде өзі басқарып отырған «Ұлттық нейрохиругия орталығы» туралы баяндап берді. Бұл орталық - 2008 жылы құрылған нейрохирургия сала­сын­дағы ең көрнекті емдеу мекемесі. Ол Орта­лық Азиядағы жаңа емдеу әдістерін қолдану мен ерте диагностикалаудан бастап нау­қастарды оңалтумен аяқталатын нейро­хи­рургиялық қызметтерді толығымен көр­се­тетін көшбасшы клиникалардың бірі және бірегейі. Орталық Қазақстан тұрғын­дарының өмір сапасын жақсартуға ба­ғытталған нейрохирургиялық көмек көр­сетудің тиімді жүйесін қалыптастырды. Орталық Азияда теңдесі жоқ және ең жо­ғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи техникалармен жабдықталған. Бұл әрбір жағдайда дәл диагностика жасау мен емдеудің нақты әдісін қолдануға мүм­кіндік береді. Орталықта 94 дәрігер және 192 мейіргер жұмыс жасайды. Дәрігерлердің 48 пайызы - жоғарғы санатты, 6 дәрігер - меди­цина ғылымдарының докторы, 18 дә­рі­гер - медицина ғылымдарының кан­ди­даты, 3 дәрігерде PhD деңгейі бар.


Кездесуде сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, Қазақстан кардиологтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәлім Беркімбаев Серік Қуандықұлының тұлға­лық және адамгершілік қасиеттері туралы жантебірентер жақсы сөздер айтты.


Студенттер мен профессор-оқыту­шы­лардың сұрақтарына жауап берген Серік Ақшолақов дені сау, салауатты ұлт қа­лып­тастырудың басты міндеттеріне тоқ­талды. «Ең бастысы, әрбір жас адам денсаулыққа кері әсерін тигізетін жат әдеттерден аулақ болып, күтініп жүрсе, ауру­дың алдын алу деген - осы» деді білікті дәрігер.


Ректор Т.Балықбаев кеш қонағы С.Ақшо­лақовқа Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің Құр­метті профессоры дипломын тапсы­рып, иығына профессордың мантиясын жапты.


Авторы: Мырзахан Ахметов

14.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF