Ұлттық болмысты қалай сақтаймыз?
Қазақ ұлттық өнер академиясында Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Қазіргі жаһандық әлем: рухани жаңғыру және ұлттық болмысты сақтау мәселелері» атты жиынның мақсаты - жас ғалымдар мен студенттер арасында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауды түсіндіру және насихаттау.
Конференцияға алыс-жақын шетелдің студенттері мен ғалымдары белсене атсалысты. Атап айтқанда, Польшаның Лазар университеті, Оңтүстік Кореяның Хангук шетел тілдері университеті, Санкт-Петербордың Экономиканың жоғары мектебі ұлттық зерттеу университеті, Ташкенттің Әлем экономикасы және дипломатиясы университеті, Белоруссия мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Қазақстаннан А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Алматы технологиялық университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы менеджмент университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Халықарарлық бизнес академиясының ғалымдары ұлттық болмысты сақтау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Биыл Темірбек Жүргеновтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Оның қазақтың өнері, тілі мен әдебиеті, мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мемлекет қайраткерінің өмір жолын, еңбектерін зерттеуші, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Егінбаева жүргеновтану мәселелеріне кеңінен тоқталды. «Темірбек Жүргенов - қазақ мәдениетінің қазығын қаққан тұлға. 1930 жылы Халық атқару комиссары қызметіне келген соң, мәдени орталықтардың ашылуына мұрындық болды. Атап айтқанда, 6 жоғары оқу орны, 18 орта мектеп, қоғамға ең қажетті мамандарды даярлайтын 80 техникум, ұлттық драма театрлар, республика көлемінде 19 балалар мен жасөспірімдер театры, цирк, қуыршақ театры, филармония ашылды. Сонымен қатар Суретшілер одағы, симфониялық және ұлттық оркестрлер құрылды. Музейлер ашылды. Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне 300-дей өнерпаз қатысқан. Қазақтың ұлттық өнері үлкен сахнада насихатталды. Келешек жастарға Т.Жүргеновтің еңбегін насихаттау жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бірнеше деректі фильм түсірілді. Оншақты кітап жарық көрді. Ғалымдар педагогика, тарих, филология саласындағы еңбектерінен диссертация қорғады. Бір өкініштісі, көзі тірісінде қолданған заттары сақталмаған. Архивтен тек қолжазбалары ғана табылды. Академияда қолжазбаларының көшірмелерінен қабырға бұрышын жасадық. Келешекте мемлекет қайраткері туралы көркемфильм түсіріледі» деді ғалым. Конференцияда жаһандану заманында ұлттық мұраларды сақтап қалу мәселесіне айрықша назар аударылды. Әсіресе, жас ғалымдардың қазақтың салт-дәстүрі, қазақ өнерінің ерекшелігін зерттеуге бағытталған жұмыстарының нәтижелері талқыланды. Оның ішінде қазақтың дәстүрлі музыка өнері, сурет салу, ұлттық қолөнер туралы жан-жақты талқыланды.
Қазақ ұлттық өнер академиясының жас ғалымы Аружан Көркем жаһандану заманында ұлттың тарихы жады болуы үшін қазақ тілін білу маңызды деген пікірімен бөлісті. «Тіл - ұлттың тағдыры. Өйткені тілде мәдениет және ұлттық рух сақталады. Олай болса тілде халықтың өмір тарихы, жан дүниесі жатқанын ескеру қажет. Мәселен, Абай, Шәкәрім шығармаларын түсіну үшін қазақ тілін білу аса маңызды. Дәстүр - мәдениеттің сұрыпталып, ғасырдан-ғасырға жетіп келе жатқан ұлттың өмір сүру салты. Дәстүрде ұлт өмірінің өзіне ғана тән табиғаты жатыр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Тарихты қазақтың өткен өмірі ғана деп қабылдау қате түсінік. Тіл, тарих - ұлттың болашағы. Өткенсіз келешек жоқ. Тарихты еске алу, оны оқып-үйрену арқылы біз қазақтың өмір жолын, болмысын танимыз. Тарихи жадысы жоқ, елдің тілі де, мәдениеті де жоқ» деген мәселені қозғады.
«Театртану» бөлімінің студенті Ұлжан Құрманбай театрлардағы менеджмент мәселесін жолға қоюды ұсынды. Театрда менеджменттің дамымайтын себебі - ізденістің аздығы, «дайын асқа тік қасық» болу. Театрларда даму бөлімі бар. Бірнеше менеджер жұмыс істейді. Жаңалықтарымен бөліседі. Кейбірінің белсенді түрде жұмыс жасайтын фан-клубтары және әлеуметтік желідегі парақшалары бар. Бірақ аншлагпен өтетін спектакльдер саны сонда да аз. Менеджментті дұрыс жолға қоймағаннан көрермен аз. Облыстық театрлардың қарапайым әлеуметтік желілердегі парақшалары жоқ. Репертуарын интернеттен таба алмаймыз. Мәселен, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жасөспірімдер мен балалар театрылары көрерменді қызықтырмайтын, тартымсыз жарнамалық роликтерді ұсынады. Қазіргі қазақ театрларына «трейлер» ұғымын қалыптастыру керек. Жақсы жарнама - көрерменді тартатын бірден-бір әдіс. Қазір адамдарды қызықтыру, сендіру өте қиын. Күннен-күнге дамып келе жатқан технологиялар арқылы түрлі эффектілі дүниелер жасауға болады. Оның үстіне қазіргі көрермен тек ерекше дүниелерге ғана елең етіп, назар аударады. Театрлар қойылым қойғанда, түрлі тәжірибелерге барып, тыңнан жол таба білсе екен» деді. Конференцияда бұдан бөлек шетелден келген ғалымдар соңғы үлгідегі технологияларды өнерде тиімді пайдалану жолдарын ұсынды. Оның ішінде, шетелдің әдісін қолданысқа енгізгенде әрбір ұлттың өзіне тән ұлттық ерекшелігін сақтап қалу маңызды деп түйіндеді.
Авторы: Майра Жанысбай
13.04.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz