Құжатқа қол қойылды
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна-Қазақстан институтында «Конституция және қоғамдық еркіндік: құқықтық моделді қалыптастыру (Қазақстан мен Франция тәжірибесі)» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан Ата заңы мен Франция Конституциясының негізгі ережелерін іске асыру мен қоғамдық еркіндікті қорғау саласындағы тәжірибелерімен бөлісу мақсатында өткізілген конференция Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының, Қазақстандағы Франция Елшілігі мен Францияның Орталық Азияны зерттеу институтының (IFEAC) ұйымдастыруымен өтті.
Конференция жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры Такир Балықбаев, Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Франция елінің сарапшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири қатысты.
Конференцияны ашқан ректор Такир Балықбаев, екі мемлекетінің президенттері ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты екі ел арасындағы бірқатар өзекті мәселелер мен сарапшылардың жаһандық даму сұрақтарын талқылаудағы пікіралмасу алаңына айналғандығын атап өтті.
Сөз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталып, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен бірлесе отырып, Абай-Верн бағдарламасын жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойылғанын хабарлады.
Конференция барысында Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми: «Құқықтар мен бостандықтарды құқықтық реттеу дәрежесі құқық қолданудың сапасы ретінде еліміздің даму деңгейін, халықтың әл-ауқатын көрсетеді, түптеп келгенде мемлекеттің әлемдік рейтингін айқындайды», - деді.
Конференцияның модераторы, Қазақстан Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов екі елдің конституциялары бір-біріне өте ұқсас екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның қолданыстағы Конституциясын әзірлеуде француз мамандарының белсенді қатысқаны, сонымен қатар еліміздің құқықтық құрылысында, құқыққорғау қызметінде және сот жүйесі сияқты арнайы салаларды қалыптастыру кезінде Франция елінің тәжірибесі ескерілгені туралы айтты.
Конференцияда француз сарапшылары террорлық қатер мен төтенше жағдай кезінде қоғамдық еркіндіктің маңыздылығын атап өтті. Сарапшылар өз кезегінде Қазақстан Конституциясына конституциялық реформа жүргізу барысында террористік және экстремистік әрекеттерге қарсы тұру жолында азаматтықтан айыру мәселесі бойынша өзгерістер енгізілгендігін еске салды.
Авторы: Римма Жанбаева
27.04.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF