Main /
Mass media about us
25.05.2018 Өз таңдауыңды жаса, жас түлек!
Оқу жылы аяқталар сәтте бітіруші түлектер арасында үлкен таңдау мен талдау жүреді.
Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған қазіргі әр түлектің таудай мақсаты - жоғары оқу орнына түсіп, ата-анасының үмітін ақтау. Олар үшін алда сынақ тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден соң, арман жүгін арқалаған әр түлек өзіне қажетті оқу орнын таңдайды. Балаларының тағдырына алаңдаулы ата-аналар да қазірден бастап оқу орындарын аралауда. Ал бұл ақпарат арқылы еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орындары туралы қажетіңізді біле аласыз.
Жуырда еліміздегі үздік 20 жоғары оқу орнының рейтингі жасалған болатын. Көштің басын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастап тұр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын білім және ғылым ордасы.
Университет құрамында 14 факультет, 63 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк бар. 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академик, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлер, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендианттар еңбек етеді.
Рейтинг бойынша екінші орынға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайғасқан.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті - Қазақстанның жетекші классикалық жоғары оқу орындарының бірі.
Еуразия ұлттық университетінде мамандарды даярлау жүйесі 3 білім беру баспалдағы бойынша: жоғары негізді білім (бакалавриат), магистратура және Ph.D докторантура. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ге қабылдау мемлекеттік білім гранты мен ақылы негізде жүзеге асырылады. Университет құрамына 13 факультет кіреді (механика-математика факультеті, ақпарттық технологиялар факультеті, сәулет-құрылыс факультеті, жаратылыстану ғылымдар факультеті, әлеуметтік ғылымдар факультеті, заң факультеті, филология факультеті, экономика факультеті, халықаралық қатынастар факультеті, физика-техника факультеті, журналистика және саясаттану факультеті, тарих факультеті және көлік-энергетика факультеті).
Үздік үштікті М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түйіндеп тұр.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті - көп салалы білім беру мекемесі.
ОҚМУ-да 81 мамандық бойынша күндізгі және сыртқы оқу түрлерімен білім береді. Сондай-ақ барлығы 457 оқу, 130 лабораториялық аудиториялармен және 55 компьютерлік класстармен жабдықталған.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті - Орталық және Солтүстік Қазақстанның ең ірі аграрлық ЖОО, Астана қаласының бірінші жоғары оқу орны.
Қазіргі уақытта университетте 44 кафедра жұмыс істейді. Сегіз факультетте он мыңнан астам студент бакалавриаттың 37 мамандығы, магистратура 31 мамандық және PhD докторантура 9 мамандық бойынша оқытылады.
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті - еліміздегі ең ірі көпсалалы университеттердің бірі.
Бакалавр дайындау шеңберінде 75 мамандық бойынша, сонымен қатар магистратурада - 51 және PhD докторантурада - 12 мамандық бойынша жоғары білікті мамандарды дайындауды жүзеге асырады. Дәл қазіргі уақытта 12 факультетте 10 мыңнан астам студент, магистрант пен докторанттар білім алады.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті - Қазақстандағы жоғары білікті мамандарды дайындайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі.
Оқу процесі 12 факультетивте 57 мамандық бойынша жүргізіледі, оның 30-ы мемлекеттік тілде. Университеттің ең маңызды ғылыми жұмыс - әрекеті 16 мамандық бойынша магистратура, 14 мамандық бойынша аспирантура, 4 мамандық бойынша доктарантура арқылы жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық мамандар даярлау болып табылады. Еліміз бойынша үздік ЖОО ішінде 5-орында тұр.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті - Қазақстанда тұңғыш ашылған ауылшаруашылық жоғары оқу орны.
Зерттеу университетінің негізгі мақсаты - ғылым мен өндірістің интеграциялануы, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді және ғылыми-техникалық жобаларды орындай отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау екендігі белгілі болып отыр.
Тұран университеті - Алматы қаласындағы көпұлтты білім беру ордасы.
Университетте 361 оқытушы бар. Оның ішінде 55 ғылым докторы, профессорлар, 215 ғылым мен доцент кандидаттары, 1 PhD доктор. Сонымен бірге, 49-дан астам тәжірибеден өткен зерттеушілер оқу процесін қамтамасыз етеді.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті - Батыс Қазақстандағы жетекші ЖОО-ның бірі.
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мамандар даярлауда 8 бағытта жоғары білім береді «Білім беру» (22 мамандық), «Гуманитарлық» (4 мамандық), «Қазақстан Республикасының Заңына» (1 мамандық), «Өнер» (2 мамандық), «Әлеуметтік ғылымдар және бизнес» (8 мамандық), «Жаратылыстану» (6 мамандық), «Техникалық ғылымдар және технологиялар» (10 мамандық), «Қызмет көрсету» (2 мамандық) және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру 13 мамандық.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - Қазақстандағы жетекші және ірі университет, сондай-ақ отандық педагогикалық ғылым мен мәдениеттің орталығы.
Болашақ мамандарға білім беру және ғылыми жұмыстар жүргізу университеттің 7 институтында жүзеге асырылады. Олар: Математика, физика және информатика институты, Педагогика және психология институты, Филология және көптілді білім беру институты, Өнер, мәдениет және спорт институты, Жаратылыстану және география, Тарих және құқық, Сорбонна-Қазақстан институттары.
Дайындаған Баян Әжмұхан 25.05.2018 ж. Ақпарат көзі: 24.kz
|