Main /
Mass media about us
09.06.2018 Академиктің мерейтойы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кеңесінің кезекті мәжілісі атақты экономист-ғалым, академик, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаевтың 80 жасқа толған мерейтойына арналды. Салтанатты мәжіліске Ғылыми кеңес мүшелерімен бірге ҚР ҰҒА академиктері мен академияның корреспондент-мүшелері, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты.
Мәжілісті ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор, ҚР ҰҒА Қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар бөлімшесінің төрағасы Такир Оспанұлы Балықбаев академик К.Н.Нәрібаевтың өмір жолына қысқаша шолу жасады.
Көрнекті ғалым-экономист, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, бірнеше халықаралық және шетелдік ғылым академияларының толық мүшесі, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, тәжірибелі педагог-ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев 80 жасқа толып отыр.
Көпжасар Нәрібайұлының өмір жолы мен қайраткерлік қызметі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ол 1938 жылғы 3 маусымда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1955 жылы Жамбыл қаласындағы № 38 орта мектепті бітірген соң, 1955-1960 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінде, 1960-63 жылдары Мәскеу қаржы институтының аспирантурасында оқыған.
1964 жылы «Механизациялау жағдайында есептеудің қазіргі формаларын дамыту» деген тақырыпта кандидаттық, 1980 жылы «Есептеу мен басқаруды есептеу техникасын қолдану арқылы ұйымдастыруды жетілдіру» (КСРО мен АҚШ тәжірибесі) тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ұстаздық қызметін Алматы халық шаруашылық институтында бастайды. Мұнда аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарады.
1973-1974 жылдары К.Нәрібаев Америка Құрама Штаттарында ғылыми тәжірибе жинақтайды. Белгілі ғылыми орталықтар мен университеттерде болып, есептеу мен басқару қызметтерін автоматтандыру мен ұйымдастыруды жетілдіру саласында америкалық тәжірибемен терең танысады. К.Нәрібаевтың бірқатар еңбектері осындай тәжірибелерді түбегейлі талдау мен пайымдауға арналған.
1976-1983 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл жауапты қызметте өзін байсалды басшы, талантты ұйымдастырушы, халық шаруашылығының білікті жетекшісі ретінде көрсете білген Көпжасар Нәрібайұлы 1983 жылы Республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып тағайындалады. Ол мұнда Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында елеулі еңбек етті. Республикаға ауадай қажет болған мамандықтар мен жаңа оқу ордаларын ашуға тікелей жетекшілік жасады.
Алайда, 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде министр Көпжасар Нәрібайұлы «Қазақстанның ЖОО-ларына қазақ жастарын шектен тыс көп алды, орыс балаларына қиянат жасады» деген негізсіз жаламен «ұлтшыл» атанып, қызметтен босатылды. Бірақ ол өзінің төл қызметі -ғылыми жұмыстарымен түбегейлі айналысты.
Еліміз тәуелсіздік алған соң оның Халық шаруашылығы мен экономикасына соны серпіліс, ізгі істер қажет болды. Міне, осы тұста профессор К.Нәрібаев экономиканы басқаруды түбегейлі өзгертіп, қайта құру мәселелерін, жаңа нарық қатынасына көшудің бағыт-бағдарын зерттеді. Оның ой-пікірлері мен тұжырымдары нарыққа көшу жөніндегі республикалық бағдарламаның негізіне айналды.
1991-2001 жылдары Көпжасар Нәрібайұлы Қазақ мемлекеттік университетінде ректор болып қызмет істеді. Осы жылдары ҚазМУ автономиялық мәртебеге ие болып, мұндағы оқу-тәрбие үдерісі жаппай жаңаша сипат алды, жаңа реформалар жүзеге асты. Университетке шығыстың ғұламасы, екінші ұстаз аталған ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің аты берілді.
Көпжасар Нәрібаев 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының Кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Өзінің көп жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін ұстаздармен, жас мұғалімдермен кафедра, факультет, университет жетекшілерімен бөлісіп отырады.
«Жақсы адам жанып тұрған шаммен тең» дегендей, Көбекең өзінің адамгершілік асыл қасиеттерімен айналасына ақшуақ шашып келе жатқан абзал азамат. Кейінгі буынның одан үйренері көп.
Ректор Т.Балықбаев бұдан кейін Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың академик К.Нәрібаевқа құттықтауын табыстап, университет ұжымы атынан мерейтой иесіне шапан жапты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ғабит Кенжебаевтың баяндамасында академик Нәрібаевтың ғалымдық, педагогтық, қайраткерлік, азаматтық қырлары жан-жақты ашып көрсетілді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынұлы Жұрынов мерейтой иесінің елге сіңірген еңбегі, ғылымға қосқан үлесі туралы тебірене сыр шертіп, Көпжасар Нәрібайұлына Ұлттық Ғылым академиясы ғалымдарының құттықтау хатын тапсырып, шапан жапты.
Белгілі академиктер Серік Қирабаев, Әлия Сәрсенова, Кенжеғали Сағадиев, Аманжол Қошанов, Сағындық Сатыбалдин, Өмірзақ Айтбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақыпов және басқалар мерейтой иесі туралы жүрекжарды ойларын ортаға салды. К.Нәрібаевтың туған жері - Жамбыл облысының өкілдері құттықтады.
Салтанатты жиында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтан, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовадан, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннен, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық инженерлік ғылымдар академиясының президенті Бақытжан Жұмағұловтан, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымовтан, Сенатор Қуаныш Сұлтановтан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғановтан, Бейбіт Мамыраевтан, Қожахан Жабағиевтан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаевтан, Қырымбек Көшербаевтан, Асқар Мырзахметовтан және басқалардан келген құттықтау хаттар оқылды. ҚР Білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева мерейтой иесі туралы шын жүректен шыққан ізгі тілектерін білдірді.
Авторы: Мырзахан Ахметов, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімнің бастығы 09.06.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|