қазақша · русский · english
   
  Main  News
22.06.2018

 

«Білім берудегі қазіргі педагогикалық технологиялар: дәстүрлер мен инновациялар» дөңгелек үстелі

 

2018 жылдың 20 маусымында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Бегалиеваның мерейтойына арналған «Білім берудегі қазіргі педагогикалық технологиялар: дәстүрлер мен инновациялар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

 

Дөңгелек үстел жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Консулы, Алматыдағы Ресей өкілдігі басшысының орынбасары Ирина Переверзева, Халықаралық қазақ-қытай тілі колледжінің директоры Талғат Мамыров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Нұрша Жанарихова, Орталық Азия Университетінің проректоры, психология ғылымдарының докторы Маржан Ахметова, Қыздар педагогикалық университетінің орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Айгүл Оңалбаева, Абылай хан атындағы ҚазМУ және МИ өкілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институты мен Филология және көптілді білім беру институтының профессор-оқытушылары қатысты.

 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар инновациялық білім берудің заманауи мәселелерін талқылады, сонымен қатар республикадағы педагогикалық технологияларды дамытуда мерейтойдың қосар үлесін ерекше атап өтті. Дөңгелек үстелдің модераторы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Тоғжан Айтқазина Сәуле Бегалиеваның ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді түрде айналысып, көптеген қазақстандық және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалары мен еңбектері жариялағанын айтты. Сәуле Бегалиева Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған 160-тан астам ғылыми еңбектердің, 12 мектеп оқулығының және 1 электрондық оқулықтың, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Білім» тобы үшін ұсынылған 3 оқу құралының, Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми кеңесі ұсынған 15 оқу құралы мен әдістемелік ұсынымдар авторы. Оның ғылыми жұмыстары Чехияда, Грецияда, Оңтүстік Кореяда, Италияда, Вьетнамда, Индияда, Ресейде, Украинада, Белорусияде, Қазақстанда жарық көрген. Жоғары корсеткішті мақалалары бар ғылыми журналдарда 18 мақаласы жарияланған.

 

Ақтолқын Құлсариева сөз кезегінде 60 жылдық мерейтой иесі Сәуле Бегалиеваның Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі 25 жылдық үздіксіз педагогикалық шеберлігімен және басқарып отырған шетел азаматтарына арналған филологиялық мамандықтар және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының 25 жыл толғандығын атап, қатысушыларды Университеттің айтулы күндерімен және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90-жылдық мерейтойымен құттықтады.

 

Сондай-ақ, шетел азаматтарына арналған филологиялық мамандықтар және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасына Ирина Переверзева Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы консулдығың атынан табысты ынтымақтастықтары үшін алғысын білдіріп, Сәуле Бегалиеваның инновациялық оқыту технологияларын дамытудағы жоғары үлесін атап өтті.

 

Дөңгелек үстелдің соңында барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

 

         

 

         

 

         

 

        

 

Шетелдік азаматтарға арналған және

жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті (Foundation)