қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
28.06.2018

Ғалым ғибраты

 


 

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Нұржамал Оралбайқызы 1928 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауылында дүниеге келді. Павлодар қаласы мен Майқайың селосының мектебін бітірген соң, Қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне қабылданып, 3-курста Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ауысып, оны үздік бітіріп, аспирантураға қабылданды.


1956 жылы профессор Сәрсен Аманжоловтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ жазуының Қазан төңкерісінен кейінгі тарихы» тақырыбында кандидат­тық диссертация қорғап, доцент атағын алады. 1952 жылдан 1975 жылға дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарды.

 

«Қазақ тіліндегі етістіктің аналити­калық форманттары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін, ал кейін тіл білімі бойынша профессоры ғылыми атағын алды.


Мұнан соң ҚР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында, аға ғылыми қызметкер, жетекші, бас ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.


1989 жылдан педагогтік қызметке ауы­сып, Абай атындағы Қазақ педаго­ги­­калық университетінің Қазақ тілі кафе­­драсының меңгерушісі қызметін ат­қарды. 1990-1991 жылдары осы уни­верси­­теттің проректоры қызметінде болды.


Нұржамал Оралбайқызы қазақ тіл білімінің жазу тарихы, графика, орфография мәселелерімен, қазақ тілінің морфология және сөзжасам салаларын зерттеумен шұғылданған. Ғалым қазақ тіл білімінің теориялық мәселелерімен қатар, оқыту әдістемесі мәселелерімен де ай­налысты. Оның еңбектері тек ірі басылымдарда ғана емес, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағы көлеміндегі «Советская тюркология» журналында, ­Новосибирск, Ташкент, Қазан, Түркия, т.б. мемлекеттерде жарық көрген.


Ғалым республикалық конференциялармен қатар, Анкара, Кипр, Анталия қалаларында өткізілген халық­ара­лық конференция, симпозиум, құрыл­тайларда түркі тілдерінің өзекті мәсе­лелеріне арналған баяндамалар жасады.


200-ден астам ғылыми, ғы­лыми-әдіс­темелік, көпшілікке арнал­ған еңбектердің авторы, профессор Н.Оралбайдың ғылыми шығарма­шылығы сан алуан.


Ең алдымен қазақ тілі морфология саласынан жарық көрген мына еңбектерін - «Етістіктің грамматикалық категориялары», «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары», «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрылымы мен мағынасы», «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі», А.Қалыбаевамен бірге, «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясынан әдістемелік нұсқаулар» т.б. айтуға болады. Н.Оралбай 1971 жылы түркология, соның ішінде қазақ тілінің теориясына үлкен үлес қосқан «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты тіл құрылымындағы өзекті мәселе төңірегінде докторлық диссертация қорғады. Бұл қазақ тілі морфологиясындағы ең күрделі де көлемді сөз табы етістікке қатысты зор жаңалық болды. Сөздің аналитикалық формасы - тіл біліміндегі жаңа танылып жүрген теория еді. Н.Оралбайқызы қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары теориясын қазақ тіл білімінде тұңғыш жан-жақты қарастырып, осы ілімнің негізін жасады, қалыптастырды. Ол алғаш қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманты теориясын ашты. Ғалым аналитикалық форма ілімінің тіл ғылымында жаңа сала болып танылатынын, аналитикалық формант түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де тиесілі екенін дәлелдеді. Бұл сындарлы ғылыми тұжырым тіл ғылымында даусыз танылғаны рас. Н.Оралбай қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық форманттарының тіл құрылымында алатын орны мен мән маңызына, өзіндік ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқтала отырып, мұралар тіліндегі фактілермен салыстырып-салғастыра отырып, жан-жақты талдап-таразылайды. Автор еңбегінде күрделі етістіктің өзіндік табиғатын ашып, оның екі тең мағыналы сыңардан тұрып, біртұтас мағына беріп, сөзжасам объектісіне айналатындығын да алғаш айтты. Осы тұрғыда ерекше атап өтетін бір жайт - ғалымның бұрын-соңды танылмай жүрген етістіктің аналитикалық форманттарының кате­го­рияларға қатысты мәселесінің кейінгі кездері талай ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының нысанасына айналып, осы салада біраз шәкірт тәрбиеледі.


Көмекші сөздер мәселесі - ғылымда көптен сөз болып келе жатқан мәселе. «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» атты монографияда Н.Оралбайқызы «Қазақ тіліндегі көмекшілер» тарауын жазып, онда қазақ тіліндегі көмекші сөздердің барлық түрін анықтаған. Еңбекте көмекші сөздердің мына түрлері көрсетілген: көмекші есімдер, көмекші етістіктер, шылаулар, модаль сөздер, күшейт­кіш үстеулер. Осы көмекшілердің алғашқы үш түрі (көмекші есімдер, көмекші етістіктер, шылаулар) аталып, танылып келгені белгілі. Ал модаль сөздер мен күшейткіш үстеулерді көмекшілер қатарына қосқан, олардың көмекшілік қызметін ғылыми тұрғыда дәлелдеген Н.Оралбайқызы екенін атау қажет. Бұған еңбекте көмекшілердің түрлерінің анықталғаны - дәлел.


Профессор Н.Оралбайдың өте маңызды ғылыми табыстары, жетістіктері сөзжасам мәселесімен байланысты. Сөзжасам грамматиканың морфология саласында қаралып, онда әр сөз табының сөзжасамы қысқаша қамтылып келгені - белгілі жағдай. Ал сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екені «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген 1989 жылғы монографияда жан-жақты ғылыми негізде дәлелденді. 1990 жылдан бастап сөзжасам қазақ тілі мамандарын дайындайтын барлық жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқу жоспарына кіріп, оқытыла бастады. Бұл - қазақ тілі сөзжасамының дербес сала ретінде танылғанына дәлел. Ол осы мәселені ғылыми тұрғыда дәлелдеген Н.Оралбайдың ғылыми идеясының танылғандығын білдіреді.


Ғалымның ерекше еңбек еткен саласы - қазақ тілін орыс тілді мектептер мен орыс тілді дәрісханада оқыту мәселелері. 1987 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Республикада қазақ тілін оқып-үйретуді жетілдіру» қаулысынан кейін, іле республикада қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған соң, егемен еліміздің жаңа Конституция­сында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып заңдастырылып, қазақ тілін өркендетудің бағыт-бағдары анықталды. Міне, осы тарихи құжаттар республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдері мен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйрену қажеттілігін туғызды.


Осындай күрмеуі күрделі түйткілді мәселелерді шешудегі ғалымның ден қоя зерттеулерінен мыналарды атап өтуге болады: «Қазақ тілін үйрену курсының бағдарламасы», «Қазақ тілі» (Халық университеттерінде өтілетін қазақ тіліне арналған бағдарлама және әдістемелік нұсқаулар), «Қазақ тілін үйренеміз» оқу құралы (авт.бірл., 1989). Мұның басты ерекшелігі - тілді игерудегі жаңа теория - қатысым әдісіне, сөйлеуге негізделгендігінде.


Егемендігін еншілеп отырған еліміздің тәуелдігін ту еткен Қазақстанның өрке­ниетін дамытуда ұлттық кадр даярлауда ғалымның еңбегі ұлан-ғайыр. Тоқырау заманында қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімі дамуы жағынан кенже қалды. Бұл кезеңдегі тілді оқыту саласы бойынша бірді-екілі ғалымдарды атап айтсақ, бүгінде ғалымдар әлеуетінің қанат жайып, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біз тілге тиек етіп отырған кейіпкер. Ғалымның бастауымен 1990 жылы Мәскеу арқылы алғашқы кандидаттық диссертация қорғау кеңесін ашу зор жетістік болды. Алғаш диссертация­ларын қорғағандар да - профессор Н.Оралбайқызының шәкірттері.


1992 жылы Қазақстан Республикасында Жоғары Аттестациялық Комиссия (ЖАК) құрылған кезде, кандидаттық, докторлық диссертация қорғау жөніндегі алғаш мамандандырылған кеңестердің ашылуына үлкен еңбек сіңірген де ғалым ұстаздың өзі болатын.


1974 жылы арнайы кеңестер құрылған кезде тілді оқыту әдістемесі ілімінен мамандардың болмауына байланысты ғылымның бұл саласынан диссертация қорғайтын кеңес республикада ашылмады. Ол осы ғылым саласының мамандарының дайындалмауына, ғылымның бұл саласының дамымауына әкеп соқтырды. Осы жағдайды жақсы түсінген профессор Н.Оралбайқызы 1991 жылы Қазақстан халықтарының тілдерін оқыту әдістемесі бойынша диссертация қорғайтын кеңес ашып, оның төрайымы болды. Кейін ол кеңес докторлық диссертация қорғайтын кеңеске айналып, әдістеме ілімінен бірнеше докторлар, кандидаттар дайындалды. Ол мамандар тоқырауға ұшыраған осы ғылымды жандандырды, дамытты.


«Шәкіртсіз ұстаз - тұл» демекші, бүгінде Н.Оралбайқызы 60-тан астам ғылым докторы мен ғылым кандидаттарын даярлады. Олар қазір үлкен қызметтерде, жоғары оқу орындарында проректор, институттарда директор, декан, кафедра меңгерушілері, тіл орталықтарын басқарушылар, профессор, доцент кызметінде жүргендер. Бұл - ғалым Н.Оралбайқызы мектебінің тұғырының берік, еңсесінің биік екендігінің айғағы.

 

Авторлары: Р.Шаханова, Ж.Балтабаева, Ж.Сүлейменова,
педагогика ғылымының докторлары, профессорлар

28.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz