Серік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Күрделі экономикалық, геосаяси жағдайларда халқымыз қашан да еліміздің Көшбасшысы-Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан тығырықтан алып шығар тосын шешімдерді,алда атқарылар істердің нақты бағдарламасын күтеді. Елбасы бұл жолы да шұғыл шешімдер қабылдап, өзінің «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында қазақстандықтарға жаһандық қауіп- қатерден туындап отырған қаржылық-экономикалық, геосаяси дағдарыстардан шығудың және еліміздің инфрақұрлымын дамытудың, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартудың нақты бағдарламасын жариялады. Бұл - шын мәнінде Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты.
Мұнда белгіленген биік межелі міндеттердің қай-қайсысы да қазақстандықтарды осындай қилы кезеңдерде қол қусырып қарап отырмай, ел болашағы үшін қажетті жасампаз істерді ауызбірлікпен, береке-ынтымақпен білек сыбана атқаруға үндейді.
Елбасы жариялаған Жаңа экономикалық саясаттың мынадай бір маңызды ерекшелігі назарға бірден ілігеді: еліміздің алдына қойылып отырған мақсаттар экономикалық дағдарыстан шығуды ғана көздеп қоймай, алыс қиырларды да қамтыған - мұнда ел экономикасын, оның бақуатын жоғарылатудың, мәдениеті мен руханиятын асқақтатудың, «Мәңгілік ел» орнатудың жолындағы асқаралы міндеттерді бағындыруға бағыт-бағдар берілген. Осы асқақ рух, мүмкіндіктеріміздің айқын көріністері қазақстандықтардың көңіліне жарқын болашаққа нақты түрде жететіндігіне деген берік сенім ұялатты.
Президентіміздің бүкіл әлем тар жол тайғақ кешуді бастан өткізіп жатқан аса күрделі уақытта да жас ұрпақ жайын кеңінен ойлап отырғаны сүйіндіреді. Жастар үшін елімізде барлық есік, барлық жол ашық екенін айта келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы олардың толыққанды өмірге еркін араласу мүмкіндіктерін нақты көрсеткен. Қазақстанда Жаңа экономикалық саясат бойынша 2015 жыл басталысымен-ақ кең көлемді істер қолға алынбақ.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында темір жол магистралдары, автожолдар, әуе жолдары, тұрғын үйлер т.б. нысандар қарқынды түрде салынбақ. Мектеп, бала бақша мәселелері жедел шешілмек. Индустрияға қажетті мамандар даярлауға Елбасы ерекше көңіл қойып отыр. Осы жоспарлардың нақты орындалуы үшін жұмсалатын қаржы мөлшерлерін де Н.Ә.Назарбаев Жолдауда нақты айтты.
Осындай ауқымды істер қолға алынса, жұмыссыздық проблемалары, жастарды еңбекпен қамту мәселелерінің оң шешілетіні анық. Президент жас қазақстандықтарға осындай мүмкіндіктер ұсына отырып, зор сенім де жүктейді. Тек оқы, білім ал, жақсы маман бол, еліміздің басты байлығы-бірлікті, татулықты, тыныштықты сақтауға үлесіңді қос.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауы тәуелсіз еліміздің өміріндегі барлық тараптарды қамтыған. Оның әр жолына, әр сөзіне әлі де үңіле түсіп,ой таразысынан өткізе бергеніміз абзал.