қазақша · русский · english
   
  Main  News
20.11.2014

Көңілдерді нұрландырған «Нұрлы жол»


Қазақстандықтардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың республика халқына «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» деп аталған Жолдауына деген ынта-ықыласы барған сайын артып отыр. Бұл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымының осы стратегиялық мәні зор құжатты талқылауға арналған жиналысының барысында айқын көрініп тұрды. Бұл күні, 2014 жылғы 19 қарашада, университеттің үлкен мәжіліс залында ине шаншар жер қалмады. Жиналысқа келген адамдардың көңіл-күйлері көтеріңкі, бейне- бір мерекеге келгендей. Бұл түсінікті де ғой: Жолдаудың әрбір жолы көңілге ертеңгі күнге деген сенімділікті орнықтырады, болашаққа ұмтылдырады, оның үстіне жиналыстың күн тәртібі де адамды жігерлендіргендей-олар мұнда ел болашағы жайлы көкейдегі ойларын, «Нұрлы жолдан» алған әсерлерін, Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі ой-жоспарларын ортаға салуға келді емес пе?!
Жиналғандардың белсенділігі, олардың талқыланатын мәселелерге деген қызығушылығы жиынның соңына дейін бір сәт бәсеңдеген жоқ.
Жиналысты университет ректоры, Қазақстан Республикасының ҰҒА мүше-корреспонденті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев ашты. Өзінің кіріспе сөзінде ол жиналғандар назарын Қазақстанды тұрақты түрде дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған Жолдаудың маңыздылығына, әсіресе бұл құжаттың жаһандық дағдарыс кезіндегі мәніне аударды. Серік Жайлауұлы сондай-ақ Елбасының осы бір стратегиялық маңызы жоғары «Нұрлы жол» құжатында ел алдына қойылған міндеттерге тоқталып өтті. Осыған сәйкес оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамын, барлық салалық қызметкерлерін Жолдаудан туындайтын төл міндеттерімен таныстырды.
--Біздің әрқайсымыз Елбасы талап еткендей, өзімізге тапсырылған жұмысты зор жауапкершілік сезіммен атқаруға тиіспіз,- деп атап өтті С.Пірәлиев.
Жиналыста еліміздің Жаңа Экономикалық Саясатының басыңқы бағыттарын түсіндіру мақсатымен Абай Атындағы ҚазҰПУ-дың Құқық және экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Борасын Жақыпбайұлы Иманбердиев, «Мәңгілік ел» және өзін-өзі тану кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қорлан Жанпейісова, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы профессор Жомарт Симтиков т.б. мазмұнды баяндамалар жасады. Баяндамашыларға залдан Жолдауға байланысты көптеген сұрақтар қойылып, ол сұрақтарға толық та мәнді жауаптар қайтарылды.
Жиналысқа қатысушылар студент жастардың ой-пікірлерін ықыластана тыңдады.


А.Байдәулетов
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығы