қазақша · русский · english
   
  Main  News
09.12.2014

Президенттер «Сорбонна-Қазақстан» Институтының тұсауын кесті

 

Өткен аптаның соңғы күндері Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға сапары табысты өтті. Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуінде екі жақты келіссөздер жүргізілді. Онда қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғарыштық, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
5 желтоқсанда, осы сапар аясында, Астанада қазақ-француз бизнес форумы және Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының форумы болып, оған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олланд қатысты.
Қазақстан - Франия жоғары оқу орындары форумында білім мен ғылым саласындағы маңызды бағыттарға тоқталған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы, мемлекеттік академиялық ұтқырлық бағдарламасы, Астанада құрылып жатқан интелектуалды-инновациялық кластер туралы айтты. Қазіргі таңда Қазақстанның 10 жоғары оқу орны Францияның 15 университетімен әріптестік қарым-қатынас орнатып отыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Франция жоғары оқу орындарына 59 адам жіберілген. Франциядан бізге 98 ғалым шақыртылған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 200-ге тарта Қазақстан жастары Франция жоғары оқу орындарында оқып келді. Франциялық серіктестерімізді кластерді дамыту, ғылыми-зерттеу орталықтарын құру бойынша ынтымақтастық орнатуға шақырамыз, - деді Елбасы.
6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылған «Сорбонна-Қазақстан» Институтының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Париж қаласындағы Сорбонна университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірлескен жобасы негізінде 2014 жылғы қыркүйекте ашылған «Сорбонна-Қазақстан» институтына «Жаһандану жағдайындағы халықаралық диалог» (6М020200 «Халықаралық қатынастар») және «Қазіргі әлемдегі өзгерістерді басқару» (6М050700 - «Менеджмент») мамандықтары бойынша 2014-2015 жылына 60 магистрант қабылданды. Қазір олардың бәрі мемлекеттік грант бойынша французша білім алуда. Бұл мамандықтарға қабылданған магистранттар бір мезгілде мемлекеттік үлгідегі қос дипломға ие болады. Яғни екі елде де заңды мәртебесі бар қазақстандық және француздық дипломдар алып шығады. Мұндай жағдай мәдениет пен білім саласындағы халықаралық интеграцияны тереңдетіп қана қоймай, түлектердің жұмысқа орналасуы мен ұтқырлығын кеңейтеді.
Бағдарламаның мақсаты - өз білімгерлерін қазіргі заман талабына сай білім нәрімен сусындатып қана қоймай, халықаралық қатынастар мен менеджмент саласындағы соңғы ғылыми зерттеулерге баулу және француз тілінде халықаралық деңгейдегі пікірталастарға қатысуға қол жеткізу болып табылады. «Қос дипломды» бағдарламалар өз түлектеріне жаңа кеңістік ашып, қоғамнан өз орнын табуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Алдағы уақытта «Қазақстан-Сорбонна» француз институтында маман даярлау, білімгерлерді қабылдау аясы кеңиді. Мұнда Қазақстан жастары ғана емес, Орталық Азиядағы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттері жастарының да білім алуына кең жол ашылады. Елбасы Н.Назарбаев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміз университеттерінің арасында алдыңғы қатарда болуы керектігін атап айтқан еді. Қазақстандағы жоғары білімнің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осындай әлемдік деңгейдегі ауқымды істер өз жалғасын табары сөзсіз.
Екі елдің мемлекет басшыларын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев және Сорбонна-Париж сити университетінің президенті Жан-ив Мериндоль қарсы алды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев екі Президентке арнаған сөзінде: «Сіздердің тікелей қолдауларыңызбен Еуропадағы ең беделді жоғары оқу орны - Сорбонна-Париж сити университетімен бірлесіп бізде «Сорбонна-Қазақстан» Институтының ашылуы біз үшін үлкен қуаныш, биік мәртебе. Сондықтан Сіздерге бүкіл Қазақстан жастары атынан шексіз ризашылығымызды және алғысымызды білдіремін», - деді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд бұдан кейін «Сорбонна-Қазақстан» Институтының Мемориалдық тақтасын салтанатты жағдайда ашып, осы оқу орны туралы қысқа метражды деректі фильмді тамашалады.
Президенттер оқу аудиторияларын аралап көріп, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Профессор Катрин Пужоль мемлекет басшыларын оқу үдерісімен және сабақ кестесімен таныстырды. «Сорбонна-Қазақстан» Институтының алғашқы магистранттарымен сөйлесіп, сұқбаттасты. 1-курс магистранты Жәнібек Өтегенов екі елдің мемлекет басшыларына арналған сөзінде былай деді: «Қазақстан жастары үшін бүгінгі күн бақытты сәтке айналып отыр. Мен француз халқының тарихы мен мәдениеті қазақ жастарын қызықтыратынын, өзімнің француз тілінде білім алып жүргенімді мақтан етемін. Бүгінгі салтанатты мереке күні еліміздің ең алғашқы жоғары оқу орнында «Сорбонна-Қазақстан» Институтының тұсауы кесілуі біз үшін тарихи оқиға. Біз енді франциялық инновациялық технология бойынша еуропалық деңгейде білім алып, бәсекеге қабілетті мамандар болып шығатынымызды ойласам жүрегімді қуаныш сезімі билейді. Жастардың болашағына зор сенім артып, қамқорлық жасап отырғандарыңыз үшін Сіздерге зор алғыс айтамын.
Бұдан кейін мемлекет басшылары магистранттардың әр алуан сұрақтарына жауап берді. «Сорбонна-Қазақстан» Институтының ашылуы Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы әріптестік ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болып табылатынын айта келіп, жастарға жақсы оқып, бәсекеге қабілетті мамандар болып шығуларына тілектестік білдірді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд «Сорбонна-Қазақстан» Институтының «Құрметті қонақтар кітабына» тілек жазып, қол қойды.

 

Мырзахан Аметов,
Ақпарат орталығы .