қазақша · русский · english
   
  Main  News
28.01.2019

«ABAI UNIVERSITY CUP»

Ректор Кубогының турнирі

 

Жастар жылы аясында 26-27 қаңтарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Алматы қаласының 16 мектебінен 250 оқушы қатысқан Ректор Кубогына арналған «ABAI UNIVERSITY CUP» кіші футболдан турнир өтті.

 

Дәстүрлі іс-шараның мақсаты - жас футбол сүйер оқушылардың спортқа деген ынта-жігерін қолдауға, отандық футболдың маңыздылығын арттыруға бағытталды.

 

Турнирдің салтанатты ашылуында оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмырзаев, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, университеттің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, профессор Ерғали Мухиддинов, Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми - практикалық дене тәрбиесі орталығы спорт бөлімінің бас маманы Бахтияр Елемесов, Студенттік ректораттың төрайымы Нұрсая Базарбекова жарыс қатысушыларына өз лебіздерін білдірді.

 

Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Асан Сәтмырзаев, өз сөзінде, Елбасының жуырда Қазақстан жастарымен кездесуіндегі «тек спортпен шұғылдану - денсаулықтың басты кепілі» деген жалынды пікірлерін айта келе, өскелең ұрпақтың дене шынықтырумен айналысуы - тәлімді тәрбиеге, ұстамды мәдениетке, ұшқыр білімге, биік жеңістерге жұмылдыратындығын жеткізді. Сонымен қатар, жалпы жастардың студенттік өмірлерінде елеулі ықпал ету үшін университет тарапынан Жастар жылында қолға алынған бастамалардың ерекше орын алатындығын айқындап өтті.

 

Турнир аудандардан іріктелген командалардың қатысуымен екі күн олимпиадалық жүйесімен жүріп, ақтық сайысқа №93 және №197 мектептер шыққан болатын.

 

Турнирдің нәтижесі бойынша ресми турнир туралы мектеп оқушылары арасынан әлеуметтік желіде «Үздік пост» номинациясында №167 мектептің оқушысы Абылай Көбейген, кездесулердің «Үздік ойыншысы» болып 157 мектептің оқушысы Алишер Адылбаев, «Үздік қақпашы» №115 мектептің оқушысы Досым Жанғозин, «Үздік қорғаушы» №108 мектептің оқушысы Санжар Қасен атанды.

 

Ал негізгі қатысушы мектептер ішінен оқ бойы суырылып шыққан №146 мектептің құрамасы үшінші орынды иеленсе, екінші орында №197 мектептің айбынды құрамасы мектебі орнықты. Турнирдің жалпы қорытындысы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ректорының Кубогын №93 мектебі жеңіп алды.

 

Қатысушы мектеп жастарына университет тарапынан арнайы дипломдар, бағалы және ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

Ескере кететін жайт, «ABAI UNIVERSITY CUP» Ректор Кубогы іс-шарасының кеңістігі тек спортты қамтып қана қоймай, еліміздің шығармашылық-интеллектуалды жастардың қызығушылығындағы салаларды да қамтыды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Ұйымдастырушылар:
Жобалау кеңсесі, Студенттік ректорат