Main
News
03.02.2019 Сорбонна-Қазақстан Институтындағы «Ой-пікірлер түні»
Қаңтар айының соңғы күнінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтында «Ой-пікірлер түні» халықаралық іс-шарасы өтті. Іс-шара модераторлары - ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова және Қазақстан Республикасындағы Франция елшілігінің атташесі Жиль Маметц.
«Ой-пікірлер түні» - әлемнің түкпір-түкпірінде қазіргі заманғы озық ойға және халықаралық деңгейде ой-пікірлер алмасуға арналған, Франция және француз тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде кеңінен танымал әлемдік деңгейдегі іс-шара. Бұл іс-шара жыл сайын қазіргі заманғы маңызды мәселелерді талқылауға зияткерлердің, ғалымдардың, суретшілер және әртістердің, сондай-ақ қоғам қайраткерлерінің басын қосады. Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушылар пікірталас тақырыбы бойынша пікір алмасып, сұрақтарын қойып, инновациялық технологиялармен бөлісе алады. Әлемдегі жүзден астам білім беру, ғылыми және мәдени орталықтар ой-пікірлерді бір уақытта талқылауға арналған өз алаңдарын ұсынды.
«Ой-пікірлер түнін» Университет ректоры Такир Балықбаев ашты. Бірінші талқылау алаңында Алматы қаласындағы Француз Республикасының Бас консулы Алексис Шахтахтинский, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Алматы қалалық сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі басқармасының төрағасы Бахыт Қасейнов, Француз сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Кристоф Пелиссон, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ректоры Нұрлан Жайнақбаев, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ клиникасының вице-президенті Шолпан Аюпова жастарға құттықтау жолдады.
Шараның құрметті қонақтары қатарында: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, химия ғылымдарының докторы Мұхамбетқали Бүркітбаев, Қазақстан-Британ техникалық университетінің проректоры, профессор Маратбек Ғабдуллин, Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіптік палатасының бас директоры Мунира Артықбекова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Самат Жанабай, Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының проректоры Гүлнара Әлібаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов, ҚазҰПУ-дың институт және департамент директорлары болды.
Француз тілінде өз жобаларын қорғаған студенттер мен магистранттар «Бүгінгі заманға сай серпіліс» тақырыбында талқылауға қатысу үшін таңдалды.
Қазақстандағы «Русский Регистр» сертификаттау қауымдастығының директоры Біржан Жантуаров Сорбонна-Қазақстан Институтының басшылығына «Сапа расталған» сертификатын табыс етті.
Халықаралық шара барысында Сорбонна-Қазақстан Институтының қазақстандық серіктесі - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұсынған «Белгісіз Қазақстан» жас суретшілердің фотокөрмесі өтті; Мемлекеттік үрмелі ағаш аспаптар квинтетінің музыкасы ойналды.
ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институтының көркем сурет кафедрасының доценті, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нұрлан Қилыбаевтың «Мың бояулы ұлы дала» көрмесі аудиторияда үлкен қызығушылық тудырды.
Айта кету керек, бұл институттың оқытушылары мен студенттері «Ой-пікірлер түнін» ұйымдастыру мен өткізуге ерекше үлес қосты. Студенттер қолданбалы өнер бұйымдарының экспозициясын дайындады; Институттың қазақ халық аспаптар оркестрі концерттік бағдарлама ұйымдастырды; философия докторы, дизайн кафедрасының доценті Раушан Қанапянова «Шаңырақ» және «Жер Ана» сән көрсетілімдерін ұйымдастырды; француз тілінде фильмдер көрсетілді.
«Ой-пікірлер түні» халықаралық іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің Өнер, мәдениет және спорт институты және Сорбонна-Қазақстан институты, Қазақстандағы Франция елшілігі және Француз Орталық Азияны зерттеу институтының белсенді қолдауымен өткізілді.
|