қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
21.03.2019

Абай атын асқақтатқан университет

 


 

Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­­верситетінің ұлы ойшыл хакім Абай есімін алғанына да 85 жылға жуықтап қалыпты. Арадан қаншама қилы-қилы ке­зеңдер, алай-бұлай замандар өтсе де осынау қарашаңырақ Абай өсиеттеріне адалдығынан танған емес, қайта оның атын әлемге танытуға елімізде бірінші болып атсалысып келеді. Тек соңғы оншақты жылды ғана алайық. Осыдан тұп-тура он жыл бұрын елімізде бірінші болып «Абайтану» ғылыми-зертеу орта­лығы осы университетте ашылып, онда белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының бастауымен Абай­дың «Толық адам» ілімі терең зерттеле басталған еді. Содан бері бұл орталықта ондаған ғылыми зерттеу еңбектер дүниеге келді.


«Абайтану» ілімінен арнаулы оқулықтар шығарып, оқу үдерісіне «Абайтану» пәнін енгізген де осы тұңғыш қарашаңырақ білім ордасы. Осы жылдар ішін­де уни­верситетте ұлы ойшыл­дың да­­налық ойлары мен филосо­фиялық толғамдарын әлемге та­­ныту үшін іргелі ізденістер жа­са­лып, нақтылы іс-шаралар жү­зеге асырылды. Университет бас­­шы­лығының ізде­нуімен Ресей­де, Түркияда, Қытайда, Әзер­бай­­жанда, Вьет­нам­­да бірнеше Абай орта­лықтары ашылып, олар Абай мұраларын зерт­теуге және на­си­хат­тауға зор үлес қосып отыр.


Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­тетінде шетел аза­маттарына арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің ұйым­дастыруымен (Ғалия Тау­баева) «Әлем таныған Абай» та­қырыбында халықаралық он­лайн-вебинар болып өтті. Ақпа­раттық технология дамудың шыңына жеткен мына заманда интернеттің күшімен алысты жақындатқан тех­никаның мүм­кіншілігінде шек жоқ-ау, сірә. Бір жағы Ресей, Түркия, екінші жағы Вьетнам, Қы­тай, үшінші жағы Кавказ аймағы болып Абай университетінің бір ғана аудиториясында тоқай­ла­сып, қазақтың данышпан Аба­йын ұлықтағанда жүрегімізді қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Онлайн-вебинарды аш­қан шетелдіктерге арналған фи­­ло­­логия мамандықтары ка­фед­ра­сының меңгерушісі, доцент Сәуле Бегалиева бұл семинардың маңызы туралы айта келіп, алғашқы сөзді Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің Халықаралық қа­тынастар жөніндегі проректоры, фило­софия ғылымдарының докторы, про­фессор, ҚР ҰҒА коррес­пондент-мүшесі Ақтолқын Құлсариеваға берді. Ол осы он­лайн-вебинарға қатысып отыр­ған Мәскеу мемлекеттік педа­гогикалық университетінің, Түр­киядағы Эрзинжан универ­си­тетінің, Вьетнамдағы Хошимин пе­дагогикалық университетінің, Әзер­байжанның Баку мемле­кет­тік университетінің және Қы­тай­дың Іле педагогикалық уни­­вер­­ситетінің басшылары мен ға­лымдарына алғыс айтып, Абай­­дың философиялық мұра­ларының құндылығы туралы ой өрбітті. Аталған факультеттің аға оқытушысы Гауһар Жаба­ғиева мен филология ғылым­дарының кан­дидаты, доцент Гунчам Ну­ра­хунова «Абай ойлары­ның әлем­дік маңызы туралы» баян­да­малар жасады. Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқитын шетелдік жастар Дон Лихуэй, Ван Мен (Қытай), Хари­минисон Зо Нирина (Мада­гаскар), Киангала Любаса Лионель (Конго), Хванг Енг Кванг (Оңтүстік Ко­рея), Кристина Обим Баси (Нигерия) Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқыды.


Эфирге келесі шыққан Мәскеу мемлекеттік педагогикалық уни­верситеті бірнеше жылдан бері бізбен тығыз әріптестік бай­ла­ныста жұмыс істеп келеді. Осы екі үлкен оқу орнының бастама­сы­мен Еуразиялық одаққа қа­рай­тын мемлекеттердің жоғары педагогикалық оқу орындарының қауымдастығы құрылған еді. Екі университеттің ректорлары Алексей Владимирович Луб­ков пен Такир Оспанұлы Балық­баев­тың қолдауымен бүгінде бұл қауымдастықтың жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Биыл Мәскеу мемлекеттік пе­да­гогикалық университетінде Абай атындағы Қазақстан-Ре­сей мәдениет жә­не ғылым ор­та­лығы ашылды. Енді бүгінгі он­лайн-вебинарды жүр­гізген Мәскеу мемлекеттік пе­даго­­гикалық университетінің фило­логия институты дирек­то­ры­ның орынбасары Ма­рина Вла­ди­ми­ровна Сарапас семи­нар­ға қатысушыларға рек­тор А.В.Луб­ков­тың сәлемін жеткізіп, Абай әлемінің тереңдігі Ресей жұрт­шылығын да ерекше таң­қал­дырып отырғанын атап өтті. Бұдан кейін олар Мәскеу педагогикалық университетінде ашылған Абай орталығы туралы бейнефильмді назарға ұсынды. Мәскеулік сту­денттер Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқыды.


Мәскеу педагогикалық универ­ситеті ХХ-ХХІ ғасырдағы орыс әдебиеті кафедрасының доценті Рамиль Шаряфетдинов «Мәскеу мемлекеттік педагогикалық уни­вер­ситетінде Абай Құнан­баев­тың өмірі мен шығар­машы­лы­ғын оқыту», Жал­пы тіл білімі ка­федрасының доценті Лан­дыш Латфуллина «Абай Құнан­баев пен Ғабдолла Тоқай шы­ғар­­машылығындағы ортақ са­рындар» та­қырып­тарында қыз­ғылықты баян­­дамалар жасады. Сондай-ақ ММПУ «Жоғары білім беру мектебінің» директоры Эдуард Михайлович Никитин ұлы ойшыл Абайдың әлемдік деңгейдегі фило­софиялық көз­қарасын ерекше бағалай келіп, жо­ғары оқу орындары арасында осындай рухани байланыстарды нығайту қажеттілігіне тоқталды.


Онлайн байланысқа келесі шық­­қан Түркияның Б.Йыл­дырым атындағы Эрзинжан универ­­ситеті халықаралық қаты­нас­тар бас­қар­масының маманы Айгерім Сердалиева Түр­кияда қазақтың ұлы ойшы­лы Абайдың мұралары зор құр­мет­ке ие болып отыр­ғанын айтты. Эрзинжан универ­си­тетіндегі Абай орталығы екі ел арасындағы алтын көпірге ай­налып отыр, деді ол. Бұдан кейін түркиялық әріптестер Абай ор­талығының тыныс-тіршілігі туралы бейнефильмді назарға ұсынды.


Вьетнам еліндегі Хошимин мем­лекеттік педагогикалық уни­­вер­­ситетінің ғалымдары мен студенттері де онлайн-ве­би­­нар­ға аса белсенділікпен қатыс­ты. Осындағы орыс тілі факульте­тінің деканы, педа­гогика ғы­лым­дарының кан­дидаты Нгуен Тхи Ханг се­минарға қатысушыларға жа­лынды сә­лем жолдап, вьет­нам тіліне ау­дарылған Абай шығар­малары­ның ой тереңдігіне достас ха­лық­тардың көзқарасы өте жо­ғары екенін жеткізді. Осы ка­фед­раның оқытушылары Фан Динь Ханг, Чан Ле Куан Абай шы­ғармашылығы жөнінде терең­нен ой толғады. Вьетнамдық әріп­тестер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің заманауи үлгідегі он­лайн-вебинар өткізуі бұл білім са­ла­сындағы үлкен жаңалық бо­лып отырғанын, бұл бастаманы қол­­­дайтындықтарын атап көр­сетті.


Баку мемлекеттік универси­тетіндегі Абай орталығының бас­шысы Фатима Дурсынова хакім Абайдың толық шығармалар жинағы 2017 жылы әзербайжан тілінде шығып, бүгінде ол филология мамандығында оқи­тын студенттердің қолынан түс­пейтін құнды оқу құралына айнал­ғанын айтты. Фатима ханым онлайн-вебинарда Абай өлең­дерін әзербайжан тілінде оқы­ды. «Бүгінгі вебинар бізге өте ұнады. Арадағы рухани байла­ны­сымыз мықты болсын», - деді әзер­байжандық әріптесіміз. Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары мен мұғалімдері де бұл жиынға белсене атсалысты.


Вебинар соңында әріптес жоғары оқу орындарында «Әлем таныған Абай» интернет-бетін ашу, шетелдердегі Абай орталық­тарының жұмысын одан әрі жандандыру, олармен бірлескен іс-шараларды жүйелі өткізіп тұру, жыл сайын Абайға арналған ғылыми жинақтар шығару сияқты ұсыныстар қолдау тапты.
Вебинарды қорытқан прорек­тор А.Құлсариева онлайн тү­рінде өткен бұл жиында хакім Абайдың рухани мұраларын бүкіл әлемге танытуға ынта-ықыластың аса зор екені айқын сезіліп тұрғанын ерекше атап көрсетті.

 

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

21.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz