қазақша · русский · english
   
  Main  News
09.04.2019

Елбасы бастаған сара бағытпен

 

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдады.


Бұл шешімді ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен ақылдасып, ҚР Парламенті палаталарының спикерлерімен, Премьер - Министрмен, Конституциялық Кеңес Төрағасымен, Парламенттегі партия жетекшілерімен кеңесіп барып қабылдағаның мәлімдеді. «Кезектен тыс сайлау өткізу - өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және беделді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындады», - деді Президент Қ. Тоқаев.


Иә, шын мәнінде тәуелсіздік алған 28 жылда еліміз Тұңғыш Президент Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен ғасырларға татитын күрделі әрі даңқты жолдардан өтті. Біз өзіміздің мемлекеттік шекарамызды шегендеп, рәміздерімізді белгілеп, әлемнің 140-тан астам мемлекеттерімен дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынастар орнаттық, дүниежүзілік қауымдастықтан өз орнымызды айқындадық. Жаһандағы ең дамыған 50 елдің қатарына ендік. Білім мен ғылым және басқа әлеуметтік салалардағы жетістіктеріміз де орасан көп. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен халықаралық келісімнің саяси алаңына айналып отыр. Ал енді осы алған бағытымызды одан әрі жалғастыру, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету-елдігімізге сын. Олай болса Қазақстанды алдағы биік мақсаттарға қаймықпай бастайтын, халықты ұлы мұраттарға ұйыстыра білетін ұлағатты Елбасшысын сайлануы тиіс екені басы ашық шындық. Сондықтан Президент сайлауын кешіктірмей өткізу ел мен мемлекет қауіпсіздігі үшін аса қажетті шара.


Еліміздің дамуына үлкен ықпал ететін, тарихи сәт - бұл Президент сайлауы. Бұл бәрімізді ыждаһаттылық пен салмақтылыққа шақыратын маңызды шешім қабылдар алдындағы аса жауапты кезең.


Шындығында, елдегі қоғамдық-саяси келісімді сақтап, алға қарай тұрақты түрде жылжу үшін, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, алға қойған мақсат-міндеттерді іркіліссіз жүзеге асырып, халқымыз лайықты өмір сүру үшін бізге айқындық қажет. Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап сонымен қамтамасыз етуіміз керек. Оның бірден бір жолы Тұңғыш Президент Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыру.


Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Осындай сын сағаттағы тарихи шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. Осы тұрғыда «Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімі осындай ел тағдырына деген жаңашырлықтың белгісі деп білуіміз керек.


Бүкіл Қазақстан халқы сияқты, бұл шешімді қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы да бір ауыздан қолдауда. Университет профессор-оқытушылары мен студенттері және барлық қызметкерлері сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге, оны ұйымдастыру шараларына белсене атсалысуға құлшынулы.

 

 

Такир Балықбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор