қазақша · русский · english
   
  Main  News
16.09.2019

Ректордың студенттермен кездесуі: ашықтық және қол жетімділік

 

2019 жылдың 16 қыркүйегінде Абай атындағы ҚазҰПУ-да ректор Такир Балықбаевтың студенттермен дәстүрлі кездесуі өтті. Кездесуге оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмырзаев және барлық институт директорлары қатысты.

 

Іс-шараның негізгі мақсаты - атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылының жоспарлары туралы студенттерге ақпарат беру, студенттер мен университет басшылығының арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын  және  қол жетімділігін қамтамасыз ету.

 

Кездесу барысында ректор Такир Балықбаев университеттің 2018/2019 оқу жылындағы жетістіктері туралы және университеттің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтты.

 

«Биылғы жылы студенттер саны 10 460 адамға жетті. Біздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарымыздың басты мақсаты студенттердің санын кем дегенде 10 000-ға дейін жеткізу болса, бұл міндет толық орындалды. Егер студенттер саны 10-12 мыңға жетсе, бұл біздің университет үшін тиімді көрсеткіш, демек, қаржылық мүмкіндіктер жақсарады және біздің университеттің инфрақұрылымы сапалы білім алуға мүмкіндік береді деген сөз. Шетелдік студенттер санының 450-ге жетуі, бұл біздің әлемдік нарықтағы танымалдығымыз бен деңгейімізді анықтайтын жақсы көрсеткіш», - деді университет басшысы.

 

Ректор барлық бакалавр студенттерін магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша оқуларын жалғастыруға шақырды, ол үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасап жатқандығын атап өтті. «Біз өз тарапымыздан оқуды жалғастырғысы келетін студенттердің барлығына қолдау көрсетуге дайынбыз. Университет түлектерінің сабақ беру тәжірибесінің жетіспеушілігіне байланысты біз 4-курс студенттерінің өндірістік тәжірибеден өту уақытын ұзарттық. Сондай-ақ, біздің профессор-оқытушылар құрамы қала мектептерінде тәжірибе алмасуға жіберіледі. Жаңа оқу жылында профессор-оқытушылар құрамның жас санаттары жаңартылып, жұмысқа жас мамандар қабылданды, олардың ішінде 42 магистр және 24 докторант бар», - деді Т.Балықбаев.

 

Кездесуде университеттің ішкі саясатына ғана емес, сонымен қатар студенттік өмірге күнделікті әсер ететін әртүрлі мәселелер, білім беру бағдарламасындағы өзгерістер, жұмыс берушілермен ынтымақтастық туралы, келесі оқу жылына кредиттік жүйенің барлық принциптерін енгізу, ішкі инфрақұрылымды жаңарту және т.б. мәселелер талқыланды. Оқу ғимараттары мен жатақханаларда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы да айтылды.

 

Университет ректоры студенттерді мұқият тыңдап, қойылған барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Такир Балықбаев жеке өзі және басқа да университет басшылары қоғаммен байланыстың барлық түрлерін күшейтетінін атап өтті. Университет ректоры студенттердің барлық мәселелері бойынша тұрақты түрде мүдделі тұлғаларды жеке қабылдап отырады, өзінің блогы мен поштасына түскен өтініштерді қарап, «Openspace» форматында кездесу өткізеді және әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын жүргізеді. Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданып, олардың орындалуы қамтамасыз етіледі.

 

Бұл кездесу өте нәтижелі өтті. Көптеген сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауаптар қайтарылды. Студенттердің тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар жасалды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім