қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
30.10.2019

Ілімін ізгілікке арнаған
профессор Темірхан Тебегеновтің шәкірт тәрбиелеудегі шынайылығы

 



«Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу - мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей». Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың бір хадисінде осылай делінген. Демек, адамзат баласы өмірден алған білімін, өнегесін, өрелі ісін өзгеге үйретуге тиіс.

 

Дала академигі атанған даңқты диқан, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев кетпенімен елдің ризығын еселеумен бірге анда-санда адамгершілікке, ілім-білімге, заман ағымына, ғылымға қатысты өз пікірін де білдіріп отырған. «Шәкірті жоқ ұстаз - мылқау ұстаз» депті бір қанатты сөзінде дән патшасы. Жанындағыларға жағын ашпаған, ізінен шәкірт ертпеген, білген-түйгенін ортаға салмаған адамды бұдан басқа қалай атауға болады?

 

Сәрсенбек Бекмұратұлы

 

Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз бұл екі пікірге де қайшы келмейтін, қайта осы қа­сиетті қағидаларды өмірде қолдап, дамы­тып жүрген, ілімін ізгілікке арнаған абзал жан. Мысал керек пе, міне төмендегі мәлі­мет біздің бұл сөзімізге толық айғақ. Оқып көрейік: профессор Темірхан Сақа­ұлы Тебегеновтің ғылыми жетекшілігімен 1 док­торлық, 13 кандидаттық, 10 магистр­лік диссертация қорғалды. Көпшілік оқырман, жоғары оқу орнының студент­теріне, мектеп оқушыларына арналған 15 кітап, 11 мо­но­графия, 5 оқулық, 17 оқу құра­лы, барлығы 50-ге тарта кітабы жарық көрген. Жур­налдарда - 280, отандық газеттерде - 292 ғылыми еңбегі жарияланған.

 

Әлқисса, Темірхан ғалымның ғылым­дағы ерен істерін тізбектеуді осымен доғарып, ол туралы талдап, елеп-екшеп айтуды филолог ғалымдардың еншісіне қалдырып, тамаша ғалым-ұстаздың өнегелі істерін, үлгілі тәжірибесін шәкіртерінің пікірі арқылы сөз етпекпіз.

 

- Мен ол уақытта қазіргі Қорқыт Ата атындағы педагогикалық университеттің 2-курсында оқып жүргенмін, - деп бастады әңгімесін «Сыр-Медиа» ЖШС-ның Бас директоры, филология ғылымының канди­даты, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» Аманжол Оңғарбаев журналис­тердің бір басқосуында кездескенімде ұста­зы туралы менің сұрағыма орай. - Болашақ мамандығым филолог. Бір күні Нұртуған жыраудан курсовой жазатын болдық. Жұмысымыз егер институтта жүлдеге ілініп жатса, республикалық байқауға жібері­летін болды. Жазуға қызу құлшыныспен кірістік. Нұртуған жырау менің негізгі тақырыбым. Жанымды салып жаздым.

 

Институтта бірінші орынды иелендім. Жетекшім әрі ұстазым Темірхан Тебегенов ағай қатты риза болды.

 

«Енді республикаға жібереміз. Ол жақтан да бас жүлдені еншілесің, тіпті керемет болар еді. Келешек Сыр сүлей­лерінің бірі Нұртуған бабаңды тиісті дәре­жеде насихаттар едің. Бұл сенің канди­даттық, тіпті докторлық диссертацияңның негізін қалар еді», - деді жас балаша мәз болып.

 

Сонымен, біздің Нұртуған жырау жайында жазғанымыз Алматыға (ол кезде астанамыз Алматы еді) кетті деген ұзынқұлақтан хабар жетті. Зерттеп көрсем, менің бірінші орын алған жұмысым кетпей қалып, екінші, үшінші орын алғандар жіберіліпті. Көңіл-күйім күрт түсті. Жетекшім Темірхан ағай 2 айлық оқуда жүрген. Ұстаздың жолын тосудан басқа жол да, амал да жоқ.

 

Ағай келді. Бар жағдайды айттым. Дау­сым дірілдеп, өңім бұзылып кетсе керек, басымнан сипап, арқамнан қағып тұрып:

 

- Қамықпа, бәрі де орнына келеді. «Ғылымның жолы қиын жол» деп бекер айтпаған ғой бұрынғылар. Бұл әлі алғашқы қиындығың. Әлі талайымен ұшырасасың. Төзімді әрі жігерлі бол! - деді баяу үнмен. Жүзіне қарасам, шырайлы жүзі қарауы­тып, қолы дірілдеп тұр екен.

 

- Кеттік! - деді қолымнан тас қылып ұстап, сөйтті де оқу ісі жөніндегі прорек­торға алып барды.

 

- Мына шәкіртімнің үздік атанып, бірінші орынды иеленген жұмысы Алматыға жіберілмепті. Неге? - деді салған жерден. Проректор сасып, абдырап қалды. - Әділдік қайда? Осыдан кейін жастарға қалай тәрбие береміз. Екінші курстан аяғынан шалсақ, өтірік айтсақ, ертең олардан қандай ғалым шығады? «Әдебиет - ардың ісі» демеп пе еді ұлы ұстазымыз Мұхтар Әуезов. «Сырдың елі - жырдың елі» дейміз кеудемізді соғып. Сол жырдың елі етіп тұрған сүлейлерімізді кім зерттейді, кім олардың еңбегін жарыққа шығарады?..

 

Тебегенов ағай біразға дейін тоқтамай, ой-пікірін ашып айтты. Ақыр соңында проректор менің жұмысымды жедел түрде конурсқа жіберетін болып, ұстазымды әзер тоқтатты...

 

Арада шамалы уақыт өткеннен кейін байқаудың шешімі шықты. Менің Нұрту­ған жырау туралы жазғаным астанадан да бірінші орынды иеленіп, институтқа жеңіспен оралды.

 

Темірхан ағай ғалым ретінде алғыр, ұстаз ретінде тәлімді, ал адам ретінде қамқоршы еді. Ұйымдастырушылық қабі­леті өте үлкен болатын. Кез-келген шара­ны дөңгелетіп ала жөнелетін. Әдебиетке қатысы жоқ кездесулер мен басқосуларды да атқара беретін. Басқа факультеттің студенттері шара өткізетін болса, Темірхан ағаймен ақылдасып, кеңесіп отыратын.

 

«Профессор Темірхан Тебегенов - ең алдымен педагог-оқытушы. Оның дәріс оқу шеберлігі, сөйлеу шешендігі тыңдаушысын бірден баурап алады. Оның дәрістері айтар ойының тереңдігімен, тақырыпты жан-жақты қамтуымен ерекшеленеді. 2013 жылғы қазан және қараша айларында Темірхан Сақаұлы Тебегенов Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде «Қазақ әдебиеті тарихын», «Шет ел әдебиеті», «Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті» пәндерінен екі ай мерзімде дәрістер оқып келді. Сол университеттегі студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, оқытушы-профессорлардың Темекеңнің таңғажайып дәрістеріне ұйығаны сонша, оны сабақтан тыс уақытта да дәріс оқуға, қазақ әдебиеті туралы ой бөлісуге жиі шақырып жүрді. Тіпті, елге қайтар кезінде профессорлардың, докторанттардың, магистрлердің, студенттердің онымен қимай қоштасқаны, университет, факуль­тет басшыларының Бейжіңге қайта оралып дәрістер оқуға шақырып жатқаны да оның ұстаздық асыл қасиетіне, білімдарлығына деген құрмет болатын.

 

Қазіргі кезде республикамызға, алыс-жақын шет елдерге танымал тұлғаға айнал­ған ғалым-ұстаз отбасындағы балала­рының және университеттегі шәкірттерінің, қасиетті Отанымыз - Қазақ Елінің өсіп-өркендеуі жолында қажырлы, жемісті еңбек сапарында жүр». Бұл үзінді Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті Ақпа­рат орталығының жетекшісі Мырзахан Ахметовтің «Тынымсыз ізденіс, жанқияр еңбек иесі» («Алматы ақшамы», 23.04.2014) мақаласынан алынды.

 

Тағы бір шәкірті, республикалық «Таң-Шолпан» журналының Бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы («Ана тілі» гзеті. 10.09.2019 ж.) былай дейді: «...Ұстаз деген балаға білім беруші ғана емес, менің түсі­нігімде, шәкірттің тал бойына асыл қасиет­тер дарытушы, жүрегіне асқан махаббатпен шырақ жағушы ерекше тұлға... Қызылорда педагогикалық институтында білім берген, бізді үнемі алға жетелеуден бір сәт жалықпаған асыл ұстазымыз Темірхан Сақаұлы Тебегенов ағай туралы осыны іркілмей айтар едім..

 

Темірхан ағай институтты бітірген соң, бірталай жыл ауыл, қала мектептерінде оқытушы болып, балалар тәрбиесінің ыстық-суығын бірдей көреді. Институт оқытушылығына есейген шағында қолы жетеді. Бұл ғылым жолын мұрат тұтқан талапкерге едәуір бөгесін. Сондықтан ба, институт ректоры Абай Айтмұхамедовтың есігін тоздырып жүріп, оқу бітіргелі тұрған біздің оқытушы боп институтта қалуы­мыз­ға мұрындық болып еді. Бұл біз сияқты ауыл­дан келген, қалада тұрақтап қалу-қалмауымыз неғайбыл студенттер үшін өте зор қолдау болатын. Сөйтіп, ағай бір топта оқыған Қалдыгүл (Қалбике) Есенова, Базаркүл Раманқұлова және мен үшеуміз­дің алдымызға мол мүмкіндік ашып таста­ған-тұғын.

 

Институтты бітіре салып, жоғары оқу орнына оқытушылық қызметте қалу, біз оқыған Қызылорда институтының тари­хында бұрын-соңды болмаған екен. Қалды­гүл (Қалбике) мен Базаркүл Қазақ тілі ка­федрасына, мен Қазақ әдебиеті кафедра­сына бекітіліп, Темірхан ағайдың арқасын­да бір күнде институт оқытушысы болып шыға келдік...».

 

«Алты асуды артқа тастап, жетіншісіне табан тіреген Темірханның ғибратқа толы ісі мен мазмұнды тірлігі, әдеби, ғылыми ортадағы абырой-беделі Ақжардың асыл топырағына аунап өскен, «Бестам мектебі» деп аталған ұлағатты ұядан түлеп ұшқан азаматтардың мақтанышына айналған бұл күнде. Өткен ғасырдың елуінші жылдары­ның аяғында мектеп табалдырығынан имене аттап, екі сыныпқа бөлінген елуге тарта баланың ішінде қалың қабақты, қақпақ жауырынды осынау қара бала «болар баланың» кейпін танытып, ерекше­леніп тұратын. Сондықтан болар, Таян ағайымыз «Сақаев класком болады» деп белгілеп, біздің сабаққа қатысуымыз бен тік тұрып, түзу жүруімізді осы Темірханға бақылатып қоятын...

 

...Күнбе-күнгі тірлікте «Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісін омырауынан тастамайды. Мұның өзі оның туған елге, өскен жерге деген ыстық ықы­ла­сының айшықты белгісіндей», - деп тебі­реніпті Қармақшы ауданынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шегебай Құндақбаев республикалық қоғамдық-саяси «Білімді ел» газетінің таяудағы санында.

 

Темірхан Сақаұлы Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл алма» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтын­сарин» медалінің, Қырғызстан Республика­сының «Тоқтоғұл Сатылғанов-150» мерекелік медалінің, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлес­тігінің «Ел ардақтысы» медалінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік түлек», Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай» мерекелік медальдарының иегері. Осы марапаттардың өзі-ақ оның ғылыми көкжиегінің ауқымды, қоғамдық өмірмен байланысы мол екенінен хабар беріп тұрған жоқ па!? Бір әріптесім айтушы еді «дүниеде ең қиыны өз замандасыңды мойындату» деп. Олай болса, Темкең сол қиындықты жең­ген ғажап ғалым, ұлағатты ұстаз. Қазақ­стан ғылымының профессор Тебеге­новтен күтері көп. Өз кезегінде Тебеге­новтің да әлі берері мол. Ғұмырың ұзақ болғай, замандас!

 

 

30.10.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz