Main
News
05.12.2019 Ректор жас педагогтармен кездесті
2019 жылдың 3 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев университетте құрылған «Жас ұстаздар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының мүшелерімен кездесті.
Кездесуге оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмырзаев және университет әкімшілігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында жас ғалымдардың, оқытушылар мен қызметкерлердің өкілдері ашық диалог форматында түрлі академиялық, ғылыми және әлеуметтік мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті.
Университет басшысы мұндай іс-шаралар университет өмірінің әртүрлі кезеңдеріне әсер ететіндігін және университеттің барлық институттарындағы мәселелерді бірлесе шешуді қажет ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар, ректор университеттің жоспарланған жұмыстары мен бастамалары туралы айтты.
Кездесу барысында докторантурадағы қазіргі жағдай, жас мұғалімдердің жалақысының жеткіліксіздігі, оларға арналған тұрғын үй бағдарламаларының жоқтығы, жастардың аға буынмен сабақтастығы, кадрлардың өсу перспективалары, спорттық іс-шаралардың жүйелі тенденциясы, институттар жұмысын жаңарту, инфрақұрылымды дамыту, зертханалық жабдықтарды жаңарту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Кейбір мәселелер бойынша ректордың тікелей басшылығымен шешім қабылданды және олардың орындалуына жауапты тұлғалар анықталды.
Сондай-ақ, жас мамандардың сұранысы бойынша екі айда бір рет ашық диалог форматындағы кездесулерді жүйелі түрде өткізу ұсынылды.
Ректор өз кезегінде университеттің дамуы мен жас мамандардың келешегі жарқын болуы барлық тараптардың әр қайсысының тікелей қатысуымен жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Ол университет басшысы ретінде әрдайым оқытушылар мен студенттердің сындарлы идеяларын қолдайтынын атап өтті.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |