қазақша · русский · english
   
  Main  News
13.11.2017

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өтті


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы Президент күні және Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматы қаласында «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрмесінің аясында бірнеше  ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізді.

2017 жылдың 13 қараша күні аталмыш  жобаның бір тармағы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттер мен оқытушыларға арналған  «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингі болды.

Семинар-тренинг  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының аясында құрылған «Көшбасшы әлемі» моделін, Мемлекет басшысының саяси және ел басқару тәжірибесін, қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың тұлғалық қырларын ашып көрсетуге арналды. Курс аясындағы тренингтер мен тәжірибелік сабақтар жастардың көшбасшылық қасиетін қалыптастырып, жобалық және сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға, отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталды. Елбасы кітапханасы ұсынған жобаны жүзеге асыру жастардың қазақстандық бірегейлігін нығайту мен дамытудың, оның қоғам өміріндегі азаматтық деңгейін көтерудің маңызды тетігіне айналды.

Семинар-тренингті ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірбек Рахымжанов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет орнату жолындағы ерен еңбегіне, көшбасшылық дарынына тоқталды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлованың «Мәңгілік Ел» жолында: тарих пен тағылым», «Тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік», «Индустрияландыру және жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Жалпыұлттық бірлік, тарих ортақтығы және жоғары руханият» тақырыбындағы лекциялары және педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исінова мен Күнзия Үмбетова өткізген «Елбасы әлемі» тұжырымдамалық моделінің үш құраушысы: «Тұлға», «Саясаткер», «Жасампаз» ( Елбасының саяси философиясы), «Болашағы бір ұлт өкілінің қасиеттері» тақырыптарындағы тренингтер мазмұндылығымен назар аударды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Елбасы кітаптарының және Елбасы туралы еңбектердің көрмесі болды.

Семинар-тренингке университет ректоры, профессор Такир Балықбаев қатысып, Елбасы кітапханасы қызметкерлері мен лекторларына алғыс айтты.

 

      

 

  

 

  

 

  

 

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім