қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.02.2018

Балға аяқтылар бәсекеге түсті

 


 

Жексенбі күні «Almaty Arena» мұз сарайында жасөспірімдер, жастар, және қыздар арасындағы каратэ-до кекушинкайдан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығына ар­налған Қазақстан ашық чемпио­натының жалауы желбіреді.

 

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі республикалық және алматылық каратэ-до кекушинкай Федерация өкілдерінің қатысуымен өтті. Сондай-ақ, Абай атын­дағы ҚазҰПУ студенттер кішігірім кон­церттік бағдарлама ұйымдастырып, қатысу­шыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.

 

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Чем­пионаттың нәтижелері бойынша іріктелген үздік спортшылар Қазақстан құрама командасының қатарын толықтыратын болады. Олар xалықаралық Әлем, Азия және Еуропа чемпионаттары сияқты байрақты бәйгелерде ел намысын қор­ғайды. Бүгінгі шара осы спорт түрінің елімізде бұқаралық дамуына ықпал етеді деген сенімдеміз. Бүгінгі спортты мерекені ұйымдастыруға атсалысқан ұйымдар мен азаматтарға алғысымды білдіремін, - деді Каратэ-до кекушинкай Қазақстан Федерациясының президенті Мұxтар Жолдасов.

 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жалпы саны 500 спортшы Алматыда бас қосып, ашық чемпионатта өзара мықтыны анықтады. Қызықты да тартысты жекпе-жек чемпиондарына спорт шеберіне кандидат, ал 15 жастан жоғары жеңім­паздарға Қазақстан спорт шебері атақтары беріледі. Яғни бұл жарыс қатысушылардың шеберліктерін арттырып қана қоймай, әрі қарай дамуына мүмкіндік береді.

 

- Екі жекпе-жекті де жеңіспен аяқ­тадым. Қарсыластар өте мықты болға­нымен, олардан басым түскеніме аса қуаныштымын. Чемпионат жоғары дең­гейде өтті. Мен аяқтан, іштен ұру сияқты тәсілдерді қолдандым. Жалпы, қатысу­шылар осал емес, маған бұл жепе-жектер оңай болмады, - деп бөлісті Жаңаөзен қаласынан келген қатысушы Аманxан Қыдыржан.

 

Қазақстан чемпионаты Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, республикалық ұлттық каратэ-до кеку­шинкай Федерациясы, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысының «Favourіt.kz» Федерациясының қолдауымен өтті.

 

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, кубок және медальмен марапатталды. Сонымен қатар, «үздік техника», «жеңіске деген жігерлігі», «үздік спортшы», «үздік төреші» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

 

Авторы: Нұрлан Сүйін

27.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz